Астанада Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуі өтті

Бүгін Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Орталық Азия елдері көшбасшыларының 6-шы саммиті өтті. Мемлекет басшысы Орталық Азия елдерінің ынтымақтастығы бұрын-соңды болмаған деңгейге шыққанын айтты. Шекара, сумен қамтамасыз ету, көші-қонның көпжылдық түйінді мәселелері ортақ күшпен шешілуде, өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда, өзара саудадағы көптеген кедергілер жойылып, көлік қатынасы кеңейтіліп жатыр. Президенттің айтуынша, осының бәрі осы уақытқа дейін өңір Мемлекет басшылары деңгейіндегі өткен Консультативтік кездесулердің нәтижесі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

Өткен жылдар ішінде Консультативтік кездесулер аймақтың халықаралық субъектілігі мен бірлігін танытатын, сондай-ақ қазіргі сын-қатерлерге төтеп беруге дайындығын көрсететін тиімді алаңға айналғанын сенімді түрде айта аламын. Орталық Азия қашанда бірегей өркениеттер тоғысқан аймақ болған. Оның жалпы әлемдік прогресте атқаратын рөлі зор. Бүгінде ортақ тарихымыз бен халықтарымыздың дүниетанымының ұқсастығына арқа сүйеп, Орталық Азияның жаңа келбетін қалыптастырамыз. Оны келешекке ұмтылатын әрі мол мүмкіндіктер мекені ретінде танытамыз 

Енді ынтымақтастықты дамытудың жоғары серпінін сақтау аса маңызды. Орталық Азия бұдан әрі де қауіпсіздік, ынтымағы жарасқан әрі өркендеген кеңістік ретіндесақталып қалуы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент атаған тағы бір маңызды міндетжан-жақты ықпалдастықтың берік экономикалық базасын қалыптастыру. Соңғы жылдары бұл бағытта елеулі нәтижеге қол жеткізілді. Өңір ішіндегі сауда көлемі 11 миллииард долларға жетті. Енді оны 15 миллиард долларға жеткізу міндеті тұр.  

 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

 

Елдеріміздің экономикасын дамытуға бірлескен ірі инфрақұрылым және көлік жобалары тың серпін берер еді. Өзара тиімді ынтымақтастықтың мұндай оң мысалдары аймағымызда қазірдің өзінде де бар. Мәселен, Қырғызстандағы Қамбарата 1-ГЭС-ін, Тәжікстандағы Рогун ГЭС-ін, Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанның газ жобаларын, жаңа көлік дәліздерінің құрылысын, сондай-ақ басқа да маңызды жобаларды атауға болады. Бұдан бөлек шекара маңы аудандарында сауда-логистика желілері мен өнеркәсіп хабтарын дамыту маңызды 

 

Мемлекет басшысы өзара міндеттемені мүлтіксіз орындау ережесіне негізделген жаңа су саясатын қалыптастыру керек деп санайды. Осы мақсатта Су-энергетикалық консорциум құрылуы мүмкін. Айта кетейік, «Орталық Азия бестігі» басшылары кездесуінің қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды. Олардың қатарында «Орталық Азия – 2040» аймақтық кооперацияны дамыту тұжырымдамасы мен Аймақтық ынтымақтастықты дамыту бойынша 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы бар.