Қазақстан мен Әзербайжан өзара тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізуге ниетті

Қазақстан мен Әзербайжан өзара тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізуге ниетті

Қазақстан мен Әзербайжан Президенттері келіссөз жүргізді. Бүгін Ақорда резиденциясында Ильхам Әлиевті ресми қарсы алу рәсімі өтті. Еске сала кетейік, Әзербайжан елінің көшбасшысы Астанаға мемлекеттік сапармен келді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев өзара сауда-экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы және көлік-транзит салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселесін жан-жақты талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сізді мемлекеттік сапарыңыз аясында Қазақстанда қарсы алу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл – елдеріміздің арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі дамыту тұрғысынан өте маңызды оқиға. Қазақстан мен Әзербайжан тек достас елдер емес, сондай-ақ бауырлас халықтар. Сондықтан Сіздің еліңізбен сан қырлы ынтымақтастықты өркендетуге баса мән береміз. Біз үшін Әзербайжанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты және саяси серіктестікті нығайту – аса өзекті міндет.

Әзербайжан Президенті қазақ-әзербайжан байланысы барлық бағытта қарқын алғанын атап өтті. Ильхам Әлиев сондай-ақ елімізде жүргізіліп жатқан реформаларға қолдау білдірді.

Ильхам Әлиев, Әзербайжан Президенті:


- Бүгінде Қазақстан дамудың жоғары деңгейін көрсетіп отыр. Сіз жүргізіп жатқан реформаларды зор қызығушылықпен бақылап отырмыз. Еліңізді жаңғырту мен әлеуетін арттыру жолындағы бағдарыңызды толық қолдаймыз. Екіжақты қарым-қатынастың стратегиялық, одақтастық сипат алғанын атап өттіңіз. Біз барлық бағыттағы ықпалдастықты нығайтуға ниеттіміз.


Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиевке Орта дәлізді дамыту жобасы таныстырылды. Бұл – Қытай мен Орталық Азия мемлекеттерін Еуропа елдерімен байланыстыратын негізгі көлік-логистикалық бағыт. Аспан асты елінен Әзербайжанға тасымал көлемінің ұлғаюы Орта дәліздің дамуына тың серпін берді. 2030 жылға қарай бұл бағыттағы жүк айналымы үш есе артуы мүмкін. Сондықтан, жолдарды, темір жол желілері мен порттарды жаңғырту басым міндет болуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Былтыр бұл бағытта жүк тасымалдау көлемі 62 пайызға өсіп, 4,5 миллион тоннаны құрады. Биылғы көрсеткіштер де көңілге сенім ұялатады, өсім 2 пайызды құрады. Шетелдік серіктестермен бірге шектеулерді жойып, дәліз бойында бірыңғай ұзақ мерзімді тариф орнатуға жұмыс істеп жатырмыз. Бұл барлық бағдар бойынша кедергісіз тасымалдауды қамтамасыз етіп, тиімділікті көтеретіні сөзсіз. Яғни, жүк тасымалының көлемін жоспарға сәйкес 10 миллион тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Тараптар жақын арада өзара тауар айналымын екі есе арттырып, сауда көлемін 1 млрд долларға жеткізуге уағдаласты. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?