Депутаттар Астанада өтетін ШЫҰ саммитінің әлеуетін бағалады

Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астанадағы саммиті - Қазақстанның беделін арттырып, мүдделерімізді халықаралық аренада сенімді түрде қорғауға мүмкіндік береді. Қазіргі геосаяси ахуалға байланысты мемлекет басшыларының кездесуі аса маңызды. Ал, Шанхай ынтымақтастық ұйымына жаңа ел – Беларусьтің қосылуы – тек саяси ғана емес, экономикалық тұрғыдан да пайда әкелері сөзсіз. Бұл – қазақстандық депутаттардың пікірі. Халық қалаулыларының пікірінше, осыншама халықаралық мәртебесі жоғары шараны Қазақстанда өткізу - өңірлік сауда мен инвестицияны дамытуға жол ашып қана қоймай, «Шығыс-Батыс» және «Солтүстік-Оңтүстік» дәліздерінің көлік әлеуетін едәуір арттыруға септігін тигізеді.

 

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл жаһандық үлкен институттардың бірі. Ол Қазақстанға кейбір геосаяси ахуалдарға байланысты мәселелерді шешуге және ғаламдық аренада Қазақстанның мүддесін қорғауға зор септігін тигізіп, өз пікірімізді сақтауды қарастырады. Осы ұйымдағы жетекші елдердің бірі - Қытай бар. Одан бөлек, тағы бір алпауыт Үндістанды да ұмытпаған жөн. Осы орайда, Қазақстан, Түрікменстан мен Өзбекстан Ауғанстан арқылы көлік байланысын жолға қоюға ұмтылып жатыр. Егер, біз, Иран мен Үндістанға тауар жеткізу мәселесін шешсек, сауда айналымы үлкен қарқынмен бүкіл әлемге тарала түспек. Ол кезде Парсы шығанағына оңай шығу мүмкіндігі туады.