Астанада «Халықтық Конституция үшін» жалпыұлттық коалициясының қорытынды отырысы өтті. Жиында бүкіл ел аумағын қамтыған ауқымды түсіндіру науқаны қорытындыланды. Мәжіліс төрағасы, әрі Жалпыұлттық коалиция жетекшісі Ерлан Қошанов атап өткендей, коалиция мүшелері миллиондаған қазақстандықтарды қамтыған он мыңдаған іс-шара өткізіп, барлық қалалар мен ауылдарды аралап шықты. Түрлі сала мамандарымен кездесулер өткізілді. Шахтерлер мен металлургтер, студенттер мен ғалымдар, дәрігерлер мен мұғалімдер, мәдениет қайраткерлері, кәсіпкерлер мен жастар қамтылды. Коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасына қоғамдық қолдаудың жоғары деңгейін атап өтті. Қазақстандықтар белсенді сұрақ қойып, пікір алмасты. Ең бастысы, олар жаңартылған Негізгі Заңның ұстанымдары мен құндылықтарын оң бағалады.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Бүгінде біз елдің идеологиялық бағдарларының терең әрі мазмұнды өзгеруін
байқап отырмыз. Іс жүзінде ұлт болашағының жаңа бағыты айқындалды. Ең алдымен
бұл бағыттағы өзгерістерді батыл әрі белсенді жастар қолдайды. Олар үшін
реформалар жай ғана саяси күн тәртібі емес, өз өмірлік тарихының бір бөлігі.
Жастар олардың үміттері мен ниеттері елдің даму стратегиясында қолдау тапқанын
көріп отыр. Мемлекет басшысының жастармен синергиясы дәл осы көзқарастарға
сәйкес келеді.

