Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Ислам ынтымақтастық ұйымы тұрақты бірлескен мақсатты тобы мен деректер және ақпарат алмасудың бірыңғай жүйесін құруға мүдделі. Тараптар бұл ниеттерін Хатшылықтарының Қазақстан астанасында өткен бірлескен үйлестіру кеңесінің отырысында мәлімдеді. Жиында бірлескен шаралар сараланып, болашаққа бағдарланған жаңа бастамалар талқыланды.
Ахмад Кавеса Сенгендо, ИЫҰ Экономикалық мәселелер жөніндегі бас хатшысының орынбасары:
– Екі ұйымға да мүше мемлекеттерге ортақ бейбітшілік пен әлемдік климаттың өзгеруіне дейінгі және кедейшілік пен экстремизмге қарсы күресу сынды өзге де адамзатты толғандыратын өзекті мәселелермен ынтымақтаса жұмыс істеу үшін қандай шараларды қолға алуға болатынын талқылау қамында бас қостық. Біздің ортақ күн тәртібіміз бар, оны екі жаққа да тиімді болатындай келісуге тырысамыз. Сондай-ақ бірқатар бағыттарда нақты әріптестік құрған екі ұйымның да салалық институттары бар. Олар ортақ мүддеге келу үшін екі жылда бір жиналып, бейбітшілік пен тұрақты дамуға қол жеткізу бағытында бірқатар бірлескен жобалар мен іс-шаралар жоспарын құрады.
Жаһандық сын-тегеуіріндерге бірігіп, қарсы тұрудың тың әдістері мен тиімді жолдарын табу – қос ұйымның қаперінде. Бұл ретте азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор. Сондықтан ірі халықаралық құрылымдардың салалық институттары осы бағытта ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған өзара түсіністік туралы хаттамаға қол қойды.
Манафи Мутуало, АҚИҰ халықаралық қатынастар жөніндегі аға офицері:
– Бұл құжат екі ұйым арасында қалыптасқан ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды көздейді. Аталған саладағы екі жақты тығыз әріптестіктің алдағы қадамдардына бағыт-бағдар беретін нақты бекітілген құжаттың болғаны абзал. Екі ұйымның бұл жоспарын он шақты мемлекетте бірлесіп жүзеге асыру келісілді. Бұл тізімде Қазақстан да бар. Гамбия, Джибути, Сомали сынды кейбір елдер Африкада орналасқан. Сонымен қатар, Орталық Азиядан Тәжікстан кірді. Сондай-ақ Ауғанстанға қатысты бірлескен жобалар жүзеге асады.