Қазақстан «Орталық Азия елдері арасында су-энергетикалық ынтымақтастық тетігін құру туралы» келісімнің жобасын әзірлеп жатыр. Бұл ретте салалық министрлік суару маусымы кезінде «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы су алу туралы уағдаласты. Яғни, шекаралас елдерден тіршілік көзі қауырт кезеңде Шу мен Талас өзендері арқылы жетеді. Мәселен, Өзбекстан 922 млн текше метр және Қырғызстан жарты млрд текше метрден астам су жібермек. Соңғысымен екі ел тұтынатын судың нақты көлемін анықтауда бірлескен жоба қолға алынады. Тараптар өзара арнайы есептегіштер орнатады. Сонымен қатар, жақында бауырлас елдердің бірқатар ЖОО арасында ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды.
Мөлдір Әбдуәлиева, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі:
- Су және ирригация министрлігі 9 жоғары оқу орнымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Енді осы оқу орындарының студенттері «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорнының филиалдарында өндірістік тәжірибеден өте алады. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтымен қос дипломды білім берудің бірлескен бағдарламасы туралы меморандумға қол қойды. Осылайша, су саласындағы мамандықтар бойынша оқитын қазақстандық студенттер көрші мемлекеттің оқу орнының дипломын ала алады.
Сондай-ақ, Қазақстан
биыл Нидерланды Корольдігімен су тасқынына қарсы іс-қимыл және су саласының
мамандарын даярлау жөніндегі меморандумдарға қол қойды. Бұған қоса Халықаралық
су ағындарын кеме қатынасынан бөлек пайдалану құқығы туралы БҰҰ Конвенциясына
қосылғанын айта кету керек.