Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалар мемлекеттің орнықтығы мен
институционалдық тұрақтылығын арттыруға бағытталған. Бұл пікірді мемлекет
басшысы Ұлттық құрылтайда саяси жүйені жаңғырту аясында жариялаған бастамаларға
қатысты Назарбаев университетінің профессоры Юлай Шамильоглу білдірді. Оның
айтуынша, вице-президент институтын енгізу және бірпалаталы парламентке көшу
мүмкіндігі халықаралық тәжірибеге сай келеді әрі мемлекеттік басқарудың
тиімділігін арттыруға ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар сарапшы Қазақстанды
орталық Азиядағы жетекші елдердің бірі ретінде атап өтіп, елдің көпвекторлы
сыртқы саясатқа бейім екенін және халықаралық серіктестермен диалог орнату
бағытын ұстанып отырғанын ерекше атап өтті.
Юлай Шамильоглу, Назарбаев университетінің профессоры:
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің саяси жүйесін жаңғырту мен
жаңарту, сондай-ақ оның тұрақтылығын арттырудағы жұмысын жоғары бағалаймын. Бұл
бастамалар, меніңше, ең алдымен ел ішіндегі тұрақтылықты нығайтуға бағытталған.
Ал тұрақтылық осы аймақ үшін аса маңызды фактор. Мұндай өзгерістердің көбі
басқару жүйесінің орнықтылығы мен тиімділігін күшейту мақсатында жүзеге асырылып
отыр.
Ташкент мемлекеттік заң университетінің профессоры Гавхар Юлдашеваның
айтуынша, Қазақстан Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған реформалар елдің құқықтық мемлекет
ретіндегі мәртебесін нығайтуға ықпал етеді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының
Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөйлеген сөзі жүйелі әрі стратегиялық сипатқа
ие. Сарапшы азаматтардың саяси өмірге белсенді қатысуы қазіргі халықаралық
үрдістерге сай келетінін және демократияны дамытудың маңызды шарты екенін
ерекше атап өтті.
Гавхар Юлдашева, Ташкент мемлекеттік заң университетінің профессоры /Өзбекстан/:
- Менің ойымша, бұл бүгінгі күні мемлекет үшін маңызды институттардың бірі,
ол арқылы біз мемлекет үшін маңызды шешімдердің қабылдануына халықтың қалай
қарайтынын нақты анықтай аламыз. Бұл халықтық демократияның айқын белгісі деп
санаймын.

