Қазақстанда қоқыс шығаратын техникалар арнайы GPS арқылы бақыланады. Бүгінде елдегі 122 ұйым осындай жүйеге қосылған. Бұл қатты тұрмыстық қалдықтарды жинаудан арнайы орындарға орналастыруға дейінгі қозғалысты толық онлайн режимде қадағалауға мүмкіндік береді. Бейінді министрлік 8-ші салалық еуразиялық бизнес-форумында осы бағытта қолға алынған тың жобалармен таныстырды. Дәстүрлі шараға 200-ден астам маман қатысты. Олар саланың және халықаралық ұйымдардың өкілдері, Ұлыбритания, Грекия, Аустрия, АҚШ және Орталық Азия елдерінің сарапшылары. Басқосуда Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатында, сондай-ақ 2030 жылға дейінгі «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес жоспарлы қадамдар жасайтыны атап өтілді. Осы уақытқа дейін елдегі коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 40% құрауы тиіс. Республика қоқысты кәдеге жарату мәселесін мемлекеттік қолдау арқылы шешуге ниетті.
Осылайша, биыл ел Үкіметі қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды жеңілдікпен қаржыландырудың арнайы тетігін бекітті. Осының арқасында биыл ел аумағында 37 жаңа зауыт салынып, жұмыс істеп тұрған 8 кәсіпорын жаңғыртылады. Ақмола, Қостанай облыстарында және Шымкентте 4 жоба қаржыландыру сатысында тұр.
Жомарт Әлиев, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:
– Біз 2023 жылдың шілде айында қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын жаңадан салу және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту, сондай-ақ оларды қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірледік. Үкімет оны бекітті. Сонымен қатар, біз халық арасында экологиялық мәдениетті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірледік. Ондағы негізгі бағыттардың бірі қалдықтарды тиімді басқару. Тұжырымдама шеңберінде қалдықтарды дұрыс жинау, өңдеу бойынша халықтың эко-мәдениетін арттыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар қолға алынбақ.