Қазақстан мен Қырғызстан тауар айналымын 2 млрд долларға дейін жеткізуге ниетті

Қазақстан мен Қырғызстан тауар айналымын 2 млрд долларға дейін жеткізуге ниетті

Қазақстан мен Қырғызстан өзара тауар айналымын 2 млрд долларға дейін жеткізуге ниетті. Қазақстан АҚШ валютасында 260 млн сомасына 195 тауар позициясы бойынша экспортты ұлғайтуға дайын. Азық-түлік, өнеркәсіп, мұнай-химия, құрылыс, фармацевтика және басқа да салалардың әлеуеті зор.

Бішкекте өткен кездесу барысында білім, мәдениет және туризм салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелерін Қазақстан үкіметінің басшысы мен Қырғызстан Президенті талқылады. Сондай-ақ үкіметтік деңгейде көрші ел басшысының Астанаға алдағы ресми сапарына дайындық мәселесі қаралды. Ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастықтың әлеуетін толыққанды ашу үшін екі елдің үкіметтері өнімдердің өзара тасымалын ұлғайту және бірлескен жобаларды іске қосу жөнінде шаралар қабылдауға да уағдаласты. 

Олжас Бектенов 2024 жылғы вегетациялық кезеңде мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы объектілерінің жұмыс режимдерін бекітудің маңызын атап өтті. Сонымен қатар қос мемлекеттің үкімет басшылары қазақ-қырғыз шекарасының өткізу қабілетін және жүк тасымалдаушылар үшін транзитті тартымды ету бағытында атқарылып жатқан жұмыс қарқынын атап өтті. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі: 

- Мемлекеттеріміздің басшылары екі ел арасындағы одақтастық әріптестікті дамыту мен тереңдетуге ерекше мән береді. Негізгі мақсатымыз жоғары деңгейде қойылған міндеттерді іс-жүзінде толық және тиімді жүзеге асыру. Ағымдағы жылы біздің іс-қимылымыз екіжақты форматта да, ортақ интеграциялық бірлестіктер шеңберінде де жаңа оң нәтижелермен ерекшеленетініне сенімдімін. Жалпы Қазақстан Үкіметі ортақ мүдделерімізге сай келетін барлық мақсаттарға бірлесіп атсалысуға дайын.