Қазақстан инвестиция тарту көрсеткіші бойынша Орталық Азия өңіріндегі көшбасшылығын сақтауға ниетті. Бүгінгі таңда аймаққа құйылған барлық қаржының шамамен 70% біздің елге тиесілі. Қазақстан Президенті Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысында осылай деп мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасы былтыр 6,5%-ке өсіп, ішкі жалпы өнім көлемі 300 млрд долларлық межеден асқанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Осы экономикалық табыстарға негізінен саяси тұрақтылықтың арқасында қол жеткізіп отырмыз. Жалпыұлттық тарихи референдумның қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдадық, бұл құжат қазірдің өзінде халықтық Конституция ретінде танылды. Негізгі заңның бүгінгі отырыс қарсаңында күшіне енуі символдық мәнге ие. Жаңартылған конституциялық нормалар инвесторлар құқығын барынша жоғары деңгейде қорғайды.
Президент халықаралық бизнес үшін тартымды заманауи институционалдық орта қалыптасқанына назар аударды. Елімізде «бір терезе» қағидатына сай қызмет көрсететін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа іске қосылып, инвестициялық штаб құрылды. Сондай-ақ Altyn Visa бағдарламасы аясында шетелдік кәсіпкерлер үшін салықтық жеңілдіктер мен оңайлатылған көші-қон рәсімдері қарастырылған. Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңес мүшелеріне заманауи цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Қазақстан екі суперкомпьютерді іске қосып, деректерді өңдеу орталықтарының алқабын құруда.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Инвестицияларға цифрлық дәуір талаптарына сай келетін заманауи нормативтік-құқықтық база кепіл болады. Жақында Парламентте қабылданған Цифрлық кодекс, «Жасанды интеллект туралы» заң және Digital Qazaqstan стратегиясы ел дамуының айқын технологиялық жол картасын түзеді. Бұл құжаттар инновацияға, инвестиция тартуға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге де лайықты жағдай жасайды.
Мемлекет басшысы шетелдік инвесторларды Қазақстанды әлеуетті
салаларда табысты жобаларды жүзеге асыратын сенімді алаң ретінде пайдалануға
шақырды.

