«Ұлттық музыка мұрасы Александр Затаевич зерттеулерінде». Астанадағы Ұлттық
музейде осы тақырыпта дәріс-концерт ұйымдастырылды. Мәдени іс шарада қазақ дәстүрлі
музыкасының сақталуына үлес қосқан поляк этнографының шығармашылық тұлғасы
ұлықталды. Сазгер «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 500 әні мен күйі» атты бірегей
зерттеу еңбектері арқылы қазақ өнерінің мұрасын ұрпақтан ұрпаққа жеткізді. Әлемге
танытты. Ұйымдастырушылар Александр Затаевичтің әр ән-күйге жазған жеке талдаулары, халық
композиторлары мен орындаушыларының шығармасына берген мінездемелері де әлі өз
бағасын жоғалтқан жоқ дейді. Сондықтан мұндай шаралардың қазақтың ұлттық өнері
мен этнографтың еңбектерін насихаттауда маңызы зор.
Михал Лабенда, Польша Республикасының Қазақстандағы уақытша
сенімді өкілі:
- Затаевичтің еңбектері туралы бүгін айтсақ, тек қана
зерттеу жұмыстарын жүргізген жоқ, поляктар мен қазақтардың арасындағы көпір
болды.
Телман Нүркенов, К. Байсейітова атындағы қазақ ұлттық
өнер университетінің оқытушысы:
- Затаевичтің еңбегі ғалымдар тарапынан, орындаушылар
тарапынан тағы да толықтырылып жатыр. Жалпы оқу орындары үшін, орындаушылар
үшін Александр Затаевичтің жасаған еңбегі алғаш нотаға түсіріліп, жинақталған
еңбек ретінде құнды, бағаланады.

