Қазақстан мен Қытайдың мәдени байланысы беки түспек. Тараптар Астана мен Бейжіңде өзара мәдени орталықтар ашу туралы уағдаласты. Мәжіліс тиісті келісімді қабылдады.
Бүгінде біздің тарап Аспан асты елінің бас қаласында 700 шаршы метрлік ғимарат қарастырып қойған. Оның аумағында отандық кино көрсетілімдері мен концерттік қойылымдарға арналған әмбебап зал және білім беру курстары, түрлі шығармашылық кездесулер өткізетін заманауи коворкинг орталығы жайғасады.
Сондай-ақ ұлттық көрмелер қанат жаятын қолайлы экспозициялық мультимедиялық алаң құрылады. Бұған қоса еліміздің туристік әлеуетін танытатын арнайы бұрыш орналаспақ.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
– Қазақстанның Қытайдағы мәдени орталығы тарихымызда алғаш рет ұлттық құндылықтарды Аспан асты елінде кеңінен таныту, екі ел арасындағы рухани байланысты жаңа деңгейге көтерудің, өзара халықаралық мәдени-гуманитарлық жобаларды іске асырудың ірі әрі толыққанды ошағына айналдыру көзделіп отыр. Қазіргі таңда біздің министрлік тарапынан бұл орталықтың тұжырымдамасы жасалынып, мазмұны айқындалды.