Ел тарихында теңдессіз рекорд орнады. Жетісу өңірінде 5000 өнерпаз бір мезетте қос күйді қатар шертті. Жыл сайын шілде айының алғашқы жексенбісінде еліміз Ұлттық домбыра күнін ерекше ықыласпен атап өтеді. «Үкілі домбыра» атты кең ауқымды мерекелік іс-шараға өңірдің әр түкпірінен өнерпаздар қатысты. Айтулы шараға еңбектеген сәбиден еңкейген қарияға дейін атсалысты. Олар қалың тыңдарманға «Бақтыбайдың әуені» және «Ерке сылқым» күйін орындап берді. Бұл қазақ өнеріне арналған рухани іс-шаралар легінің бастауы. Өңірде апта бойы көрмелер, концерттер, күй мен ән тербеген думанды кештер өтеді.
Бақытжан Тастүлеков, Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі:
- Рекорд бұл жалпы Қазақстанда бұрын болған. Ең алғашқы рет Атырауда 1037 адам жиналған болатын стадионда. Одан кейін Оралда 1700 адам болды. Одан кейін Астанада, Түркістанда және Рудныйда 3000 адамнан жиналып күй орындаған жағдай болған. Ал бүгін Талдықорғанда 5000 адам жиналып отыр. Сондықтан біз бұны Қазақстан рекорды деп есептейміз және оны тіркейміз.

