Қазақстанда Арменияның мәдениет күндері өтіп жатыр. Мәдени шаралардың ашылу салтанатына қатысқан Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ваагн Хачатурян арнайы ұйымдастырылған концерттік бағдарламаны тамашалады. Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының сахнасында Арменияның Мемлекеттік джаз оркестрі мен Инга Аршакян, Гор Суджян секілді өнерпаздар әлемге әйгілі армян композиторлары Комитастың, Шарль Азнавур, Жорж Гарваренц және Арно Бабаджанянның музыкалық шығармаларын орындады. Сондай-ақ мемлекеттер басшылары даңқты армян кинорежиссері және қылқалам шебері Сергей Параджановтың 100 жылдық мерейтойына арналған фотокөрмені тамашалады. Сонымен қатар, мәдени шаралар аясында Астанада Армения киносының күндері өтеді. Ал «Амазгаин» театры көрермен назарына Даниил Хармс шығармасының желісімен қойылған «Лю-Беф» спектаклін ұсынады.
Жеңіс Ермұқанов.