Астанада С. Нұрмағамбетовтің ғасырлық мерейтойына орай симпозиум өтті

«Ер есімі-ел есінде»! Астанада Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің ғасырлық мерейтойына орай симпозиум өтті. Кеңес Одағының Батыры, Армия генералын еске алу шарасы әскерилер, Қарулы күштер ардагерлері мен жас сарбаздарды жиды. Әскери қызметке 50 жылдан астам ғұмырын арнаған батыр соғыс жылдарындағы ерен ерлігі мен өнегелі өмір жолы өскелең ұрпақ үшін рухани мұра. Ұлы Жеңіс жолында Берлинге дейін жеткен данқты майдангер, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі - Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдық мерейтойына орай енді бір естелік кітап жарық көрді. Жинақта ұлт мақтанышы жайында бұрын-соңды жарияланбаған тың мұрағаттық деректер қамтылған.

Марат Нағұманов, ҚР Қарулы Күштері ардагерлері ұйымы төрағасының орынбасары:

-Кітаптың ішінде бұрын ешқайда шықпаған құжаттар жиналды. Мемлекеттік мұрағаттан, Подольск қаласында Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігінің архивінен Сағадат Нұрмағамбетовке жазған хаттар, оның жауаптары сынды эксклюзивті документтер мен суреттер, Сағадат Нұрмағамбетовтің есімімен жарлықтар бар, ол кісінің өзінің қолынан шыққан құжаттар бар. Кітапты Қарулы күштер ардагерлері мен орталық стратегиялық әскери институт бірге шығарды.

Сондай-ақ Сағадат Нұрмағамбетовтің мерейтойы аясында елімізде «Әскери ант» телесериалы түсірілді. Сонымен қатар алдағы аптада туған жері Ақкөл қаласында Халық Қаһарманының атындағы ескерткіш пен гүлзар ашу, ал жазда  халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынын өткізу жоспарланған.