Астанада робототехникадан халықаралық чемпионат өтті

Астанада робототехникадан халықаралық чемпионат өтті

Астанада дәстүрлі Robotek Grand Tournament чемпионаты өтті. Елімізде 4 жыл бұрын қолға алынған жарыс өткен жылы халықаралық мәртебеге ие болды. Биылғы додаға алғаш рет АҚШ, Болгария және Молдова құрамалары қатысты. Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан мектептерінің оқушылары былтырғы жетістіктерін еселеуге тырысты. 9 бен 17 жас аралығындағы 300-ден астам сайыскер 7 санат бойынша өзара мықтыларды анықтады. Олар роботтарды жобалау, бағдарламалау, инженерлік, инновациялық тәсілдер мен IT шешімдерді қамтыды.

Эльдар Аппазов, Робототехника құрамасының жетекшісі, Өзбекстан:

- Осы жылы біз «Туды жеткізу» санатында топ жардық. Сондай-ақ, үздік шетелдік құрама кубогын алдық. «Үздік нәтиже көрсеткен өзбекстандық команда» атағы да бізге берілді. Өзім жалпы робототехниканы және дәл осы Robotek турнирін дамытуға қосқан үлесім үшін марапатталдым. Тағы бір командамыз «Сұрыптаушы робот» аталымында екінші орын алды. Жылдан жылға жетістіктер өсіп, турнир аясы да кеңейіп келеді. Тапсырмалар да күрделене түскен.

Қатысушылардың бабы тағы бірқатар аталым бойынша сыналып, үздіктер арнайы жүлделерге ие болды. Бұдан бөлек, бірнеше жеңімпазға Қазақстан-Британ техникалық университеті мен Алматы энергетика және байланыс университетінің гранты табысталды. Қазақстанның IT брендіне айналған чемпионаттың барлық регламенті - авторлық, отандық зияткерлік технология екенін айта кету керек.

Олжас Айтжанов, Robotek мектебі Спорт бөлімінің жетекшісі:

- Келесі жылы бұданда көп 20-30 шақты елдерді осы шарамызға қосып, көрші және алыс шет елдерде өздерінің іріктеу кезеңдерін өткізу жоспарда бар. Мақсатымыз жыл сайын өзіміздің бар тәжірибемізді жинап, нығайтып әрбір жарысқа тапсырмаларды күрделі жасап, өскелең ұрпақты осы робототехника саласына балу болып табылады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?