Ядролық технологиялар өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелерін шешуге көмектеседі. Осы саладағы білімдері негізінде бірегей гилдрогель әзірлеген отандық ғалымдар сенімді. Оның негізігі міндеті - өсімдіктің топырағында ылғал мен тыңайтқышты сақтап тұру. Нәтижесінде бір маусымда ғана ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін бірден 35 процентке арттыруға болады. Өнертапқыштардың айтуынша, климаты қуаңшылыққа бейім аймақтардағы шаруалар үшін таптырмас олжа.
Ерлан Жатқанбаев, ғалым, жоба авторы:
– Судың шығынын азайтқаннан басқа, біз табиғатқа деген экологиялық зиянды да төмендетеміз. Минералды тыңайтқыштарды аз енгізіп, биотыңайтқыштар мен фитопрепараттарды қолданамыз. Олар бізге улы химикаттарды ауыстыруға және таза табиғи компоненттерді пайдалануға мүмкіндік береді. Гидрогель өнімде суды ұстап тұруымен қатар, минералды тыңайтқышты қажетті көлемде бөліп отырады. Осылайша, қоршаған ортаға зиянын тигізуден сақтайды.
Гидрогель құрғақ ұнтақ түрінде шығарылып, кейін оған су мен тыңайтқыштар қосылады. Бір гектар жерге орта есеппен 50 килограмм гидрогель қажет. Оның тек бір граммы ғана шамамен 200 миллилитр сұйықтықты бойына жинап алады. Ол топырақта біртіндеп ыдырайды және бойындағы тыңайтқышты біркелкі шығарады. Осылайша, фермерлердің шығындары айтарлықтай төмендейді. Сондай-ақ, гидрогель толықтай қолданылғаннан кейін де тағы үш-бес жыл өз көмегін тигізе алады. Жалпы, оны пайдалану аясы ауқымды.
Әлібек Нұркенев, гидрогель өндіретін компанияның директоры:
– Біз технологияны коммерцияландырып, өндірісті іске қостық. Компанияның негізгі міндеті - гидрогель өндірісі ғана емес, осы өнімнің аясында басқа да өнімдер шығару. Оны ауыл және орман шаруашылығынан басқа салаларда да қолдануға болады. Біз бұл өнімді шығарар кезде отандық фермерлермен бірлесіп далада тәжірибелер жүргіздік, енді өнімді жинау барысын бақылайтын боламыз. Себебі оның нарыққа шығару үшін, бірінші кезекте оның пайдасын көрсетуіміз қажет.
БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымының мәліметтеріне сәйкес, әлемде халықты азықпен толық қамтамасыз ету үшін 2050 жылға қарай тағам өндірісін 70 процентке арттыру қажет. Бұл ретте, ғалымдар аграрлық секторда тың өндірістік және ғылыми әдіс-тәсілдерді кеңінен қолдану керек деп есептейді.