Назарбаев Университетінің ғалымдары алғаш рет ер мен әйел адамның дауысынан тұратын цирфлы қазақ дауыстарын жасап шығарды. Оларға Исеке мен Рая деген ат берілді. Атаулар шынайы дауыс иелерінің есімдеріне негізделген. Әзірленген құрал дайын мәтінді аудиоға айналдырады және қазақ тілінің цифрлық салада қолданылуын кеңейтуге жол ашады.
Саида Мұсахожаева, Назарбаев Университетінің ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтының деректер талдаушы:
- Біз екі диктордан 90 сағаттан астам уақыт бойы дауыс жинадық және мәтінді аудио түрге айналдыратын 2 жүйе жасап шықтық. Біріншіден, Қазақстанда мұндай деректерді алғаш рет жинадық, екіншіден, жиналған ақпараттың бәрі қолжетімді. Кез келген адам бұл деректерді жүктеп, коммерциялық емес және коммерциялық мақсаттарына пайдалана алады. Болашақта дауысты басқа компоненттермен бірге Siri сияқты виртуалды көмекші немесе сол 2GIS-те қолдануға болады.
Жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыс бір жылға жуық уақытқа созылды. Осы уақыт ішінде дикторлар көптеген сөзді, дыбысты, әріп пен санды қайта-қайта оқып шықты. Бұл Исеке мен Раяға қарапайым, белгісіз немесе тіпті сөздікте жоқ сөздерді оңай айтуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жобаға бірнеше қазақстандық компания қызығушылық танытуда.
Ғалымдар бүкіл мәліметтер базасын ғана емес, сонымен қатар бағдарлама коды мен алдын ала дайындалған модельдерді көпшілік назарына ұсынды. Осылайша, өзге де әзірлеушілер қазақстандық жасанды зерде технологияларын одан әрі дамыта алу үшін қолдана алады.
Авторы: Ақзер Сегізбай