Астанада
Қазақстан Президентінің қатысуымен дәстүрлі республикалық тамыз конференциясы
өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев педагог - елдің болашағын құрудағы басты тұлға және
оның қоғамдағы рөлі ерекше болуы тиіс екенін атап өтті. Мемлекет басшысы
мұғалімдерге алғысын білдіріп, олардың мемлекеттік маңызы бар жұмыстарды
атқарып жатқанын айтты. Президент білім беру жүйесіндегі негізгі жетістіктерге
де назар аударды. Оның айтуынша, саланы қолдау мемлекеттік саясаттың басты
басымдығы болып қала береді.
Қасым-Жомарт
Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен білім беру
саласына айрықша мән беремін. 2019 жылы Президент ретінде қабылдаған алғашқы
шешімдердің бірі ұстаздарға қатысты болғанын білесіздер. Қазір - білім мен
ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны
меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең
заман көшінің басында жүреміз.
Сондай-ақ
Президент мұғалімдердің құқықтарын қорғау, мектеп инфрақұрылымын жаңғырту,
қалалар мен ауылдарда сапалы білім алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету,
STEM-бағыттарды дамыту және уақыт талабына сай мамандар даярлау қажеттігіне
назар аударды. Мемлекет басшысының пікірінше, білім беру процесіне сандық
технологиялар мен жасанды интеллект енгізуді жеделдету қажет. Мемлекет
басшысының айтуынша, білім мен ғылым еліміздің дамуында маңызды рөл атқарады.
Қасым-Жомарт
Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазірдің өзінде
Қазақстан прогрессивті және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет, ол біздің
жастарымыз үшін ғана емес, түрлі елдердің көптеген жастары үшін, оның ішінде
көршілес елдер үшін де тартымды болып көрінеді. Дарындар, серпінді идеялар мен
инновациялық технологиялар үшін өзіндік магнит ретінде халықаралық позициямызды
дәйекті түрде күшейту маңызды.
Соңында
Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар ұстаздарға білім беру саласындағы үздік
жетістіктері мен елімізге сіңірген ерекше еңбегі үшін мемлекеттік наградалар
табыстап, оларға ордендер мен медальдар тапсырды.

