Ұлттық спорт түрлері бойынша құрама командалар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық жүргізуде

Қазақстанда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық қызу жүріп жатыр. Шымкентте ат спорты түрлері бойынша спортшылар күн сайын жарыс алдындағы жаттығуларын өткізуде. Олардың арасында Балнұр Садық та бар. Ат құлағында ойнаған ару бірнеше қыз-қуу турнирінің жеңімпазы. Ол сенімді серігі, сағатына 60 шақырымға дейін еркін еңсере алатын «Шап» атты сәйгүлігімен талай додада озық шыққан. Екеуі көптеген халықаралық жарыстарда үздік нәтижеге қол жеткізіп, көрермендерге қайталанбас шоу көрсетуде. Әріптестері алдағы көшпенділер ойындарында жеңісті қолдан жібермесіне сенімді.


Ал, Павлодарда Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бәйге бойынша жеңімпаздары анықталды. Іріктеу кезеңінде Қазақстанның барлық өңірлерінен жүзге жуық спортшы бақ сынасты. Жарыс құнан бәйге, топ бәйге, жорға жарыс және аламан бәйге бойынша өтті.

 

Алтай Бимен, «Бәйге» федерациясының атқарушы директоры:


- Аттардың деңгейіне келетін болсақ, биылғы чемпионаттағы ең үздік аттар қосылып отыр. Одан бөлек, өткен жылғы чемпиондар да тізімде бар.

 

Әлеке Досқуатұлы, топ бәйге жеңімпазы:


- Көшпенділер ойындарында іріктеу біз үшін қуаныш. Сонау Маңғыстаудан 3500 км келіп, 7 ат қосылып, құнан бәйгеде 5 орын алдық. Топ бәйгеде Баракат бауырымыздың «Ғасыр» атты аты бірінші келе жатыр. Қуаныштымыз, әрине, ол үлкен жауапкершілік. Баракат бауырымыз осы Ғасырмен Шымкент қаласында өткен жарыста екінші орын алған. Бүгін, міне бағы жанып, бірінші орын алып тұр. Әрине, Көшпенділер ойындарында ұтуға бар күш-жігерімізді саламыз.