Астанада отандық өндірушілердің көрмесі өтіп жатыр

Астанада отандық өндірушілердің көрмесі өтіп жатыр

1,5 триллион теңгеден астам салық, 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орны және ел экономикасына 44 проценттік үлес. Бұл - 2024 жылы мемлекеттік қолдауға ие болған шағын және орта бизнестің нәтижесі. Бәйтерек холдингінің түрлі қолдау тетіктері арқылы кәсіпкерлерге 336 миллиард теңге берілді. Оның 254 миллиарды - жеңілдетілген несие. Қомақты қаржыға кәсіпкерлердің 2 700 жобасы ие болды. Қазақстандық өндірушілер өткен жылы шамамен 25,5 триллион теңгенің өнімін шығарды. Бұл туралы Астанада өткен 8-ші Ulttyq ónim көрмесінің ашылуында айтылды. 

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - ұлттық экономики министрі: 

- Шағын және орта бизнесті қолдау тек ширай түседі. Биыл біз экономиканың нақты секторын жедел дамытуға бағыт алдық. Мемлекет ақпараттық технологиялар, логистика, туризм, азық-түлік, құрылыс материалдарының өндірісі, машина жасау, жеңіл және химия өнеркәсібі сияқты басым салалардағы шағын және орта бизнестің инвестициялық жобаларына ашық тапсырыс жариялады. Бұл бағыттар жан-жақты қолдауға ие болады. 

Ulttyq ónim ауқымды көрмесіне 350-ден астам қазақстандық өндіруші қатысты. Олар ұсынған өнім әртүрлі саланы қамтиды. Тамақ, жеңіл және химия өнеркәсібінен бастап машина жасау саласының өнімдері бар. Жабдықтар мен зергерлік бұйымдар да қойылған. Көрмеге қатысушылардың барлығы «Даму» қорынан қаржылық және басқа да қолдау алған. 

Фархат Сәрсекеев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарма төрағасы: 

- Бұл біз өткен жылы қолдау көрсеткен кәсіпкерлердің бір бөлігі ғана. 2024 жылы 29 мың субсидия бердік. 1 трлн теңгенің 29 мың жобасына қолдау көрсетілді. Жалпы 40 мың жоба 1,7 трлн теңгеге ие болды.  Біз үшін ең басым сала - өңдеу өнеркәсібі. Бұл - өндірістік бөлігі. Өндірістік бөліктен мультипликативті әсер болады. Бұл - жаңа жұмыс орындары, салықтық төлемдер. Жалпы алғанда импортты алмастыру жүзеге асады. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?