Global Innovation Index-2024: Қазақстан Оңтүстік және Орталық Азия өңірі бойынша үздік үштікке кірді

Қазақстан «Global Innovation Index-2024» нәтижесінде Оңтүстік және Орталық Азия елдерінің көшбасшы үштігіне кірді. Аталған жаһандық рейтингтің өңірлік тұсаукесері алғаш рет еліміздің бас қаласы – Астанада өтті. Бұл рәсімге Азия  елдерінің салалық ведомстволарының басшылары, дипломатиялық корпустың, халықаралық, сондай-ақ мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Іс-шарада келтірілген деректерге сай, Қазақстан соңғы жылы сапалы серпіліс жасады. Республика жаһандық рейтингте 81-ші орыннан 78-ші сатыға көтерілді. Бұл ретте еліміз бірнеше бағыт бойынша көрсеткішін жақсартқан. Бұл негізінен экономика, кәсіпкерлік, білім беру салаларын және инвестициялық ахуалды дамытумен байланысты.

Сондай-ақ, Қазақстан «Креативті тауарлар мен қызметтер» индексі бойынша 93-ші орыннан бірден 65-ші сатыға көтерілді. Ал «Ұлттық көркем фильмдер» аталымында еліміздің көрсеткіші еселеніп, 61 ден 31-ші орынға шықты.

Айта кетейік, 2007 жылдан бері рейтингте жыл сайын 130-дан астам ел 80 түрлі көрсеткіш бойынша бағаланып келеді.

Ботагөз Жақселекова, ҚР Әділет вице-министрі:

– Бұл көрсеткіштер елге инвестициялар тарту үшін өте маңызды. Ол бізге алдағы уақыттарда инновацияларды енгізу үшін түрлі бағыттарды дамытуға бағдар болмақ. Атап айтсақ, олар отандық экономиканың барлық дерлік салалары бойынша 80 түрлі бағытты қамтиды. Бұл заң үстемдігі, тиімді мемлекеттік басқару және цифрландыруды дамыту. Сондықтан біздің беделіміз үшін маңызды оқиға. Себебі Қазақстан реформалар арқылы халықаралық қауымдастықтың назарын өзіне аудартатын беделді елдердің бірі.