Еуропадан сүйінші хабар. Енді бір отандық киноөндірістің туындысы жаһанға
танылды. Қазақстандық режиссер Әділхан Ержановтың «Дала қасқыры» атты фильмі
Бельгияда өткен халықаралық кинофестивальда бас жүлдеге ие болды.
«Golden Raven» - кино саласында кәрі құрлықтағы ең беделді байқаулардың
бірі. Кинотуындыдағы оқиғалар желісі баласын ұрлатып алған ананың ұлын табу
жолындағы қылмыскерлермен арпалысын баяндайды. Фильм Алматы және Жетісу
өңірлерінде түсірілген. Айта кетейік, «Дала қасқыры» картинасының әлемдік тұсаукесері
Роттердамда өтті. Ал бұған дейін ол Реймстегі «Polar» фестивалінде француз
киносыншыларынан жүлде алды.