Мәдени-гуманитарлық байланыстар - екіжақты және көпжақты диалогтың маңызды бөлігі. Бұл туралы
Астанадағы «Орталық Азия – Қытай» гуманитарлық алмасу форумы
аясында айтылды. Алқалы жиынға өңірдегі бес ел мен Қытайдың медиа-холдинг және мемлекеттік
орган өкілдері қатысты. Форумның ашылу шарасында Мемлекеттік кеңесші
жиналғандарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды. Ерлан
Қарин қазіргі цифрландыру жағдайында мемлекеттар арасындағы медиа-интеграцияның
маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте жаңа коммуникациялық платформалар Ұлы Жібек
жолының жалғасы болып отыр.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
- Шын мәнінде, сол кезде алғашқы байланыс желілері қалыптасып жатты. Қазір
бұл дәстүрді интернет, спутниктік және цифрлық платформалар арқылы жалғастырып
жатырмыз. Осылайша медиа ынтымақтастықтың бір бөлігіне айналады. Медиа
тұтынудың трансформациясын, цифрландыруды және ақпараттық трендтерді ескере
отырып, контент құру, технологиялармен алмасу және мәдени байланыс бойынша
бірлескен жұмыс қазір бұрынғыдан да өзекті екеніне сенімдіміз.
Форумға қатысушылар жүзеге асқан жобаларды талқылап, болашақ
ынтымақтастықтың бағыттарына тоқталды. Тараптар бірлескен медиа өндіріске,
оқыту бағдарламаларын іске қосуға және халықаралық платформаларда ұлттық медиа
контентті ілгерілетуге дайын екендіктерін жеткізді. Бұл ретте бүкіл аймаққа
таратылатын жаңа жобаның іске қосылуы ерекше рөл атқарады.
Шэнь
Хайсюн, Қытай медиакорпорациясының
президенті:
- «Си Цзиньпиннің сүйікті қанатты сөздері» деп аталатын жобаның халықаралық
нұсқасы іске қосылады. Бұл - Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы достық
пен гуманитарлық саланың нығаюының айқын дәлелі. Жоба біздің
қарым-қатынасымызға тың серпін береді деп ойлаймын.
Қазақстан мен Қытай медиаынтымақтастығы
халықаралық «Silk Way Star» музыкалық жобасымен жалғасады. Сонымен қатар, Jibek
Joly/Silk Way телеарнасы мен қытайлық CGTN-мен бірлесіп «Орталық Азия бойынша
үлкен саяхат» арнайы жобасын дайындады. Онда төл мәдениетіміз туралы кеңінен
айтылады.

