Алматыда қызғалдақтар фестивалі өтті

Алматыда қызғалдақтар фестивалі өтті

«Көктем көркі - қызғалдақ». Алматыда осындай атаумен дәстүрлі қызғалдақтар фестивалі өтті. Бұнда қызыл, қызғылт, ашық сары және ақшыл түстегі түрлі сұрыпты гүлдер таныстырылды. Шараға 2 мыңға жуық оқушы қонақ болып келді. Мұндағы мақсат – жас ұрпаққа қоршаған орта мен табиғатқа деген сүйіспеншілікті қалыптастыру. Мәселен, оқушылар сарайының экологиялық бөлімі жасаған коллекциялық учаскесінде қызғалдақтың 30 түрі гүлдеген. Оның ішінде аса сирек және өте құнды: Грейг, Лемерс және Альберт түрлері де бар.

 

Индира Құралбаева, Оқушылар сарайы экологиялық-биологиялық бөлімінің қызметкері:

– 20 мың түп қызқалдақ отырғызылған. Олардың арасында мәдени және жабайы сорт түрлері бар. Ол жерде біздің мақтанышымыз - Альберт қызғалдығы да өсіп жатыр.

 

Қазақстандық ғалымдардың пікірінше, қызғалдақ еліміздің аумағында осыдан 10 млн жыл бұрын пайда болған. Сондықтан Қазақстан осы гүлдің отаны деп айтуға толық негіз бар. Көктемде қызғалдақ гүлдейтін уақытта елімізде осындай фестивальдер өткізіледі.