Астанада өңірлік экологиялық саммит өтуде

Астанада өңірлік экологиялық саммит өтуде

Қазақстан тағы әлемдік қауымдастықтың назарын аудартып, келелі кеңестер ордасына айналды. Бүгін ел астанасында қоршаған ортаны аялап, табиғатты сақтау, климаттық тәуекелдерді азайту сынды жалпы адамзаттық мақсат - әлем болашағын қорғауға арналған жаһандық мәселелер талқыланды. Елордада Өңірлік экологиялық саммит өтіп жатыр. Оған Орталық Азия мен Кавказ елдерінің Президенттері, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, агенттіктер мен басқа да халықаралық ұйымдардың басшылары, сондай-ақ ғалымдар мен сарапшылар қатысуда. Қазақстан Президенті пленарлық отырыста сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық елдерді бөлмей, керісінше бір мақсатқа біріктіруге тиіс екенін алға тартты. Ол сондықтан да жаһандық экологиялық модельге көшу үрдісі теңгерімді сипатта өрбігені жөн деп санайтынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Көп жағдайда экологиялық күн тәртібін әзірлеу немесе қалыптастыру барысында түрлі аймақтар мен елдердің, әсіресе, экономикалық әлеуетін нығайтуға ден қойған дамушы мемлекеттердің қажеттіліктері мүлдем ескерілмейді.  Баршамыз ақылға қонымды, мұқият ойластырылған прагматикалық тәсілге жүгінуіміз керек. Сонда ғана мемлекеттер орнықты даму қағидаттарына сай алға жылжып, өзінің экономикалық өсімі мен прогресіне қауіп төндірмейді.

Су тапшылығы, шөлейттену, мұздықтардың еруі, ауаның ластануы, биоалуантүрліліктің жойылу қаупі. Қазақстан Президенті Орталық Азия мен көршілес өңірлердің басты экологиялық сын-қатерлерін атады. Оларды бірлесіп шешу қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның экологиялық жауапкершілік мәселесіндегі бастамаларымен бөлісті. Мәселен, жаңа Конституцияда қоршаған ортаны қорғау принципі нақты айқындалған. Қазақстанда электр қуатының 7% астамы жаңартылатын энергия көздерінен алынады, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш екі есеге ұлғаяды. Сондай-ақ Қазақстан көміртексіз электр энергетикасын дамытып, Арал мен Каспийді қорғау шараларын күшейтеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгінгі таңда Солтүстік Аралдың 36 пайызға жуығы қайта қалпына келтірілді. Судың сапасы жақсарып, балық қоры молайды, маңайдағы елді мекендердің тұрмыс-тіршілігіне қан жүгірді. Сонымен қатар еліміз Каспий теңізінің тағдырына да алаңдайды. Осы орайда Қазақстан Каспий теңізінің тартылуына жол бермеу үшін мемлекетаралық бағдарлама қабылдау жөнінде бастама көтерді, Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын құруға ұйытқы болды.

Биоалуантүрлілікті сақтау – еліміздің экологиялық саясатының негізгі бағыттарының бірі. Табанды еңбек нәтижесінде ақбөкендер мен қар барысының популяцисы сақталды. Орман алқаптарын ұлғайту мақсатында 1,5 млрд астам ағаш егілді.  Өңір ішілік күш-жігерге қоса, Қазақстан үшін су ресурстары саласындағы жаһандық ынтымақтастық та негізгі басымдық болып табылады. Саммит аясында БҰҰ-ның агенттігі ретінде Халықаралық су ұйымын құру бойынша консультациялардың бірінші раунды өтеді. Еске сала кетейік, бұл бастаманы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Ашхабадта көтерген болатын. Қазақстан Президенті Орталық Азиядағы экологиялық ынтымақтастық туралы Астана декларациясының маңыздылығын атап өтіп, құжатты өңірлік әріптестікті нығайтудағы маңызды қадам деп атады.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?