Ақордада Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиын өтті

Ақордада Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиын өтті

Ақордада Қазақстанның Ата заңын қабылдауға арналған салтанатты жиын өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан қабылданған Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды. Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа Конституция 1 шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енеді. Ал мемлекеттік мереке ретінде ұлттық деңгейде жыл сайын 15 наурызда атап өтілетін болады.


Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


- Конституциямыз – табанды ұжымдық еңбектің нәтижесі. Біз бүгін бір ел болып ұлт жылнамасының жаңа межесіне өттік, түбегейлі өзгерістердің сапасы және мазмұны ерекше бірегей кезеңіне аяқ бастық. Кеше ғана елімізде жалпыхалықтық референдум ойдағыдай өтті. Оған жұртшылық жаппай белсене қатысты. Азаматтарымыз өз таңдауын жасады, халқымыз бір кісідей жаңару мен жаңғыру жолын жақтап дауыс берді. Халқымыз Отанымыздың болашағы үшін өте жауапты сәтте жұмыла еңбек етті, ортақ іске орасан зор үлес қосты.

Сондай-ақ, Президент ел болашағы жастардың саяси науқанда ерекше белсенді болғанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды әлемдегі ең озық, дамыған мемлекеттердің қатарына қосатын да осы жастар екенін тілге тиек етті. Төрге озып, тұғырына қонған жаңа Халық Конституциясы өскелең ұрпақ үшін бағдар беретін темірқазық болмақ. Мемлекет басшысы Конституциялық комиссияның ауқымды, тиімді жұмысына, сондай-ақ Жалпыұлттық коалиция мүшелерінің қажырлы қызметіне айрықша тоқталды. Олар жаңа Ата заңның мән-мазмұнын жұртшылыққа кеңінен түсіндіріп, қажетті үгіт-насихат жұмысын ойдағыдай атқарды. Қоғамдық белсенділер мен еріктілердің жоғары азаматтық жауапкершілігі де ерекше атап өтілді.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?