Қазақстан мен Моңғолия түрлі бағытта 11 құжат бекітті

Моңғолия – Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі. Қос халықтың дәстүрі мен мәдени-тарихи тамыры ортақ. Бұл туралы мемлекет басшысы Президент Ухнаагийн Хурэлсухпен шағын және кеңейтілген құрамдағы кездесуде айтты. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы ретіндегі Моңғолияға алғашқы келуі. Сондықтан, тараптар бұл сапар екі елдің қарым-қатынасын стратегиялық серіктестік деңгейіне шығаратынына сенім артып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жалпы, келіссөздер өте табысты өтті деуге толық негіз бар. Атап айтқанда, экономикалық қарым-қатынасты жандандыруға келістік. Қазақстан мен Моңғолия Азиядағы ірі елдер санатында. Сондықтан өзара сауда айналымы ауқымды болуға тиіс. Былтыр сауда-саттық көлемі 150 миллион долларға жуықтады. Бұл көрсеткішті көп ұзамай 500 миллион долларға дейін жеткізу жоспарда бар. Ол үшін алыс-берістегі тауар түрін көбейту керек. Сондай-ақ экономикалық ықпалдастықты тежейтін кедергілерді жою қажет.

Тараптар екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастыққа серпін беретін Жол картасын қабылдады. Бұған қоса әртүрлі сала бойыншатағы 10 құжат пен Қазақстан мен Моңғолия арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы декларацияға қол қойылды. Қасым-Жомарт Тоқаев әсіресе ауылшаруашылығы, тау-кен, энергетика салаларындағы жобалардың маңыздылығын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан кәсіпкерлері Моңғолияның тау-кен саласын зерттеуге дайын. Келіссөздер барысында көлік-логистика мәселелері туралы әңгімелестік. Халықаралық дәліздердің бәсекеге қабілетін арттыру – маңызды міндеттің бірі. Ол үшін екі ел арасындағы және басқа мемлекеттермен көлік қатынасын жетілдіру қажет. Сонда елдеріміздің аумағы арқылы тасымалданатын жүк көлемі ұлғая түседі. Транскаспий бағыты мен Солтүстік-Оңтүстік дәлізін тиімді пайдалану маңызды.

Ухнаагийн Хурэлсух, Моңғолия Президенті:

- Қазақстан Республикасы – Моңғолиямен стратегиялық серіктес елге айналған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Бұған қуаныштымыз. Біздің ресми келіссөздеріміз жылы әрі іскерлік сипатта табысты өтті. Осы орайда 30 жылдағы жетістіктерімізді қорытындыладық. Ынтымақтастығымызды жаңа мазмұнмен байыту, алдағы уақытта байланыстардың барлық саласын кеңейту жөнінде нәтижелі пікір алмастық.

Қазақстан Моңғолиямен Алтай туризм кластерін дамытуға және ортақ туристік бағыттарды қалыптастыруға мүдделі. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ЖОО-дары монғол студенттеріне бөлінетін квоталарды көбейтетінін жеткізді. Бұл елдегі қазақ диаспорасы – берік достықтың алтын көпірі болып отырғанын айтпай кетуге болмайды. Президент қандастарға жасалған қамқорлыққа арнайы алғыс айтты. Сондай-ақ ол Моңғолия Президентін келесі жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

Мәншүк Шымырбаева