Нидерланд Корольдігінің Премьер-Министрі қазақстандық студенттермен кездесті. Қазақстанға жұмыс сапарының аясында Марк Рютте Мақсұт Нәрікбаев университетінде болып, болашақ заңгерлер мен экономистерді қызықтырған сұрақтарға жауап берді. Қадірменді мейман кездесу барысында елдеріміздің ынтымақтастық әлеуетіне тоқталды. Қос тарап сауда-экономикалық және өзге де салалар бойынша орнатқан әріптестік аясы әңгіме өзегіне айналды.
Премьер-Министр ендігі кезекте Қазақстан мен Нидерланд жасыл энергетика саласына басымдық беретінін жеткізді.
Марк Рютте, Нидерланд Корольдігінің Премьер-Министрі:
– Бізде су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастықты дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер бар. Биыл Қазақстанның кейбір өңірлері топан судың құрсауында қалғанын білеміз. Бұл табиғи апаттың салдарын жеңілдету бағытында серіктестік орнатуға ниеттіміз және сіздердің тараптан үйренеріміз бар. Сонымен қатар біз үшін энергетикалық сала бойынша тығыз байланыс орнатудың маңызы зор.