Қазақстанда қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының санағы жүріп жатыр

Қазақстанда саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарының саны ресми деректен әлдеқайда көп болуы мүмкін. Шамамен, 3 млн адамнан асады деген жорамал бар. 20 ғасырдағы басты трагедияны зерттеу және құрбандардың санын есептеумен арнайы мемлекеттік комиссия айналысуда. Ол 4 жыл бұрын Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған болатын. Оның ішінде ғалымдар, сарапшылар, мемлекеттік органдардың өкілдері мен зерттеушілер бар. Осы аралықта еліміздің барлық өңіріндегі ондаған мемлекеттік және ведомстволық архив қабырғаларында үлкен жұмыс жасалды. Соның арқасында көптеген материалдардан құпия белгісі алынды. Барлығы 2,5 млн астам құжат зерттеліп, 311 мың кеңес одағы режимінің құрбандары ақталды. Өткен ғасырдағы террордың шынайы бейнесін қалыптастыру үшін отандық ғалымдардың жанына қосымша шетелдік мамандар да тартылды. Нәтижесінде 72 томдық материал жарыққа шықты. Оның бір бөлігі Астанадағы мемлекеттік архивте сақтаулы. Бүгінде Қазақстанда реабилитацияланатын құрбандардың санын көбейту және реабилитациялық кезеңді ұзартумен қатар, жазықсыз жазаға ұшыраған жандардың есімін ел жадынан өшірмеу мақсатында жұмыстар жүргізілуде.

 

Еркін Әбіл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, тарих ғылымдарының докторы:

-Мәселен, құрбандардың қатарына кейбір жандар кіргізілмеген. Халық арасында «құқығынан айырылғандар» деп те аталып кеткен. Олардың азамат ретінде ешқандай мәртебесі болмаған. Олар жазаға ұшырайтындай ештеңе істеген жоқ. Бар болғаны олардың арғы атасы идеологияға сай емес әлеуметтік тап мүшесі болған. Сол үшін сұлтан-байлардың немесе патша кезінде тілмаш болғандардың ұрпақтары осындай жазаға ұшырады. Сонымен қатар, «Халық жауы» атанып, жазықсыз жазаға ұшырағандардың туған-туысқандары да азаматтық құқық, атап айтсақ, сайлау құқығынан айырылған болатын. Оларға қалада қоныстануға, жоғары білім алуға және сайлауға қатысуға рұқсат берілмеді. Бұл да өз алдына бір репрессия.