Астанада қазақстандық музей конгресі ашылды

Музей ісін дамыту және мұражай практикасына жаңа цифрлық шешімдерді енгізу. Бұл тақырыптар Иран, Қытай, Ресей, Түркия, Венгрия, Армения, Әзірбайжан, Франция және Орталық Азия елдерінің сарапшыларын Астанадағы бір алаңда біріктірді. Мұнда Қазақстан музей конгресінің жұмысы басталды. Қатысушылар екі күн бойы тәжірибе алмасып, ғылыми пікірталастарға, дөңгелек үстелдерге, семинарлар мен шеберлік сыныптарына қатысады. Сондай-ақ іс-шара аясында ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумдарға қол қойылады деп жоспарлануда. 

Камола Ақилова, Өзбекстанның бейнелеу өнері галереясының директоры:

– Біз көрме жобаларын дамытуға ден қоямыз, өйткені, менің ойымша, осылайша өз еліміз, тарихымыз және мәдениеттеріміз туралы көп нәрсе айта аламыз. Әрине, ғылыми-зерттеу жобалары үнемі назарда болуы тиіс, біз Орталық Азия мамандарымен брігіп, сәндік-қолданбалы өнерді зерттей аламыз деп үміттеніп отырмыз. Ғылыми зерттеулер аймақтағы жобалардың алдында болуы тиіс. 

Ұлттық музей енді бір келісімді Франция Елшілігімен бекітіп, өзара түсіністік туралы меморандумға қол қояды. Бесінші респбликаның  дипломатиялық өкілдігінің көмегімен Лувр мұражайының, Ұлттық археологиялық зерттеулер институтының және Ұлттық ескерткіштер орталығының сарапшылары Конгреске қатысуда. Бұған қоса, француз мұражайшылары елорда тұрғындары мен қонақтарына «Цифрлық күз» фестивалі аясында сандық өнердің үздік үлгілері мен көркемдік инновацияларды ұсынады.

Сильван Гиоге, Францияның Қазақстандағы елшісі:

– Ертең музейде «Цифрлық күз» шарасы ашылады. Сондықтан да бұл – Астананың барлық тұрғындары үшін тамаша мүмкіндік болғалы тұр. Қазір сарапшылар арасында тұрақты кездесулер ұйымдастырудамыз, өйткені мұражай сараптамасы жыл сайын өзгеріп отырады және әрқашан бейімделіп, білімімізді, тәжірибемізді жаңарту қажет. 

Елдердің мәдени өзара алмасуға жоспары қомақты.  Биыл күзде Парижде «Қазақстан қазынасы» көрмесі ұйымдастырылады. Ұлттық Азия өнері мұражайында сақ дәуіріндегі зергерлік өнердің үлгілерін қоса алғанда, еліміздің үздік мұражай экспонаттары ұсынылады.