Түркістан облысында көне ғибадатхана табылды

Тарихи жәдігердің құрылысы солярлық сәулетке тән салынған. Ескі нысан бірнеше бөлме мен дәлізден тұрады. Сол кезеңдегі адамдар бұл жерде құрбандық шалған көрінеді. Қазба жұмыстары кезінде бұны айғақтайтын қыш тостағандар, темекі тартқыштар, астық үгетін диірмен тастар сынды бұйымдар анықталды. Ғалымдардың айтуынша елімізде бұндай ғибадатхананың баламасы жоқ. Бірегей нысан ежелгі Қаңлы мемлекеті тұрғындарының сенімі мен салт-жоралары сынды рухани құндылықтары туралы түсінік береді. Мұнда табылған жәдігерлерде кесіртке, қошқар тіпті азиялық керіктің бейнелерін кезіктіруге болады. Жалпы қыш бұйымдарының мыңдаған сынықтары жер бетіне шықты.


Александр Подушкин, Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің профессоры:


- Біз мұнда әзірге түсінігіміз шамалы ең ежелгі құрбандық шалу рәсімінің куәсі болдық. Яғни, бұл жерде дән үккіштер, диірмен тастары және түрлі қыш бұйымдар сынды түрлі егіншілік құралдары төбеге шашылады. Мұнда бұндай заттар өте көп. Бұндай құрбандық мол өнім алу қамында жасалынады деп топшалап отырмыз.


Археологтар ғибадатхананың жанынан бірнеше жүздеген қорғандары бар  қорым тапты. Мұнда отбасы мүшелері мен оларға тиесілі әшекей заттар және ас үй жабдықтары бірге жерленген. Яғни, бұл көне адамдар ғасырлар бойы сеніміне орай дұға еткен біртұтас кешен.


Гүлмира Стамқұлова, археолог:


– Бізде кейбір бұйымдар қалып қояды. Көріп тұрғандарыңыздай бұл - алибастр. Сол кездегі адамдарда қолданған заттарды о дүниеге барғанда қолданады деген сенім болған.

Археологтардың айтуынша, бұл аумақтағы зерттеу жұмыстары бірнеше жылға созылады. Ал, Қаңлы дәуіріне тиесілі ғибадатхана кешені мен жерлеу орындары сияқты нысандар – қазақстандық ғылым үшін үлкен жетістік. Табылған барлық жәдігер Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік музейіне беріледі.