Өзбекстандық шеберлердің еңбегі Астанадағы көрмеде қойылды

Өзбекстанның көркем табиғаты, аңыз-әңгімелердің кейіпкерлері, ұлттық тағамдар мен құмыра-ыдыстар, ағаштан өрнектеліп жасалған ерекше бұйымдар және Ташкент, Самарқан мен Бұхара шеберлерінің тоқыма өнері – сузане елорда тұрғындары мен қонақтарына ұсынылды. Астанадағы Ұлттық музейде көршілес елдің ұлттық қолөнер және сурет көрмесі ашылды. Көрмеде атадан-балаға мирас болып келе жатқан өнер түрлері – суретшілер, қолөнершілер мен жас шеберлердің еңбектері қойылды. Барлығы – 180 шығарма музейден орын тапты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме – тәуелсіздік жылдарынан бері келе жатқан екіжақты мәдени даилогты жалғастыратын шара. Айта кетейік, аталған көрме Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзиёевтің Қазақстанға ресми сапарының аясында жүргізілуде.

Акмаль Нуриддинов, Өзбекстан сурет академиясының төрағасы:

– Біз, бір ұлттың екі тармағымыз, бір ағаштың екі бұтағымыз. Сондықтан, біз барынша жақын болып, тек қаржы-экономикалық қана емес, мәдени байланысымызды нығайта беруіміз керек деп санаймын. Мәдениет саласында қазақ суретшілерімен ынтымақтастығымыз терең. Өзбекстанда өткізетін әрбір шығармашылық шара, суретшілер кеші қазақстандық қылқалам шеберлерінің қатысуынсыз өтпейді.

Күміс Сеитова, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетінің төрайымы:

– Біздің тарихи-мәдени мұрамыз тек қана көрмелерде қалып қояды деу қате тұжырым. Мәселен, ЮНЕСКО тізіміне Ұлы Жібек жолының Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстанмен бірлескен нысандары да кіреді. Келесі кезекте, Ферғана-Сырдария дәлізі жоспарлануда. Бұл бағытта Өзбекстанмен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде ЮНЕСКО-ның қосалқы тізіміне кірдік деуге болады.