Астанада Қазақстан-Словения бизнес-форумы өтті

Астанада Қазақстан-Словения бизнес-форумы өтті

Қазақстан Еуразиядағы жетекші сауда әрі логистика хабына айналуға ұмтылады. Біздің ел Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде, Орталық Азия аймағында және Қытайда тұратын 1,5 миллиардтан астам тұтынушыға тікелей шығу мүмкіндігін ұсына алады. Бұл туралы Президент Қасым Жомарт Тоқаев Қазақстан-Словения бизнес-форумында айтты. Мемлекет басшысы инвесторларға бағытталған мүмкіндіктерді тізді. Қазақстан – аймақтағы экономикасы қарқынды өсіп келе жатқан ірі елдердің қатарында. Біз арқылы өтетін жүк тасымалының көлемі былтыр рекордтық көрсеткішке, яғни 514 тонна-шақырымға жетті. Қазір Қазақстан Еуропа мен Қытай арасындағы құрлықтық алыс-берістің 90 пайызын қамтамасыз етіп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз Орта дәліз және Солтүстік – Оңтүстік секілді халықаралық күре жолдарды белсенді түрде дамытуды қолға алдық. Ақтау және Құрық порттары Каспий теңізіндегі жүк тасымалында маңызды рөл атқарады. Аталған теңіз айлақтарынан жөнелтілетін жүк көлемі былтыр 4,5 миллион тоннаға жетті. 2023 жылғы 2,5 миллион тоннамен салыстырғанда 62 пайыз өсім. Бұл – рекордтық нәтиже. Осы орайда, көлік байланысын күшейтіп, сауда-саттықты жандандыру үшін Словенияның ең ірі Копер портымен тәжірибе алмасуды және серіктестікті тереңдетуді көздейміз.

Мемлекет басшысы өнеркәсіп және энергетика келешегі зор сала екеніне тоқталды. Қазір қазақстандық мұнайдың 70 пайызға жуығы Еуропа Одағы елдеріне экспортталады. Бұған қоса елімізде сирек кездесетін минералдың 19 түрі өндіріледі. Қазақстан үшін маңызды салалардың бірі – жасыл энергетика. Бұл бағытта да ауқымды жұмыс көп. Қасым-Жомарт Тоқаев словен серіктестерін агроөнеркәсіп, фармацевтика, ІТ салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?