Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында өңір
жұртшылығымен кездесті. Президент аймақтың қарқынды дамып келе жатқанына
тоқталып, елімізді өркендету жолында қолға алынған бастамалар жөнінде
әңгімеледі. Осы орайда жастарды қолдауды, «Таза Қазақстан» акциясын жалғастыруды,
цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға қатысты сөз қозғады. Сондай-ақ,
Мемлекет басшысы суды тіиімді пайдалануға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Су тапшылығына баса назар аударамыз. Келешекте де су мол болады дей алмаймыз.
Оған дайын болуымыз керек. Су үнемдеудің жоғары технологиясын қолданғанымыз
жөн. Мемлекет субсидия беріп жатыр. Биыл ауыл шаруашылығына 1 триллион берді
Сонымен қатар, Президент
өңірдегі балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық
академиясын аралады. Оның қызметі аймақ жастарының зияткерлік және шығармашылық
әлеуетін дамытуға бағытталған. Кешенде спорт түрлеріне арналған жаттығу
залдары, шығармашылық студиялар мен зертханалар бар.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев «Қызылорда-нан» цехының жұмысымен танысты. Нан-тоқаш,
кондитерлік және макарон өнімдерін өндіретін кешен толығымен
автоматтандырылған. Кәсіпорын шығаратын өнімдердің дені қала аумағындағы және
оның маңындағы дүкендерге жеткізіледі. Мемлекет басшысы аралаған нысандардың
бірі - жаңа жылу электр орталығы. Бұл нысан Президен Қасым-Жомарт Тоқаевтың
елдің оңтүстік өңірлерінде халық пен экономика сұранысын қамтамасыз ету
жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында салынды. Орталық 240 мегаватт электр
қуатын және 277 гигакалория жылу энергиясын өндіреді. Президент Қызылорда
қаласындағы 11 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионын да аралап көрді.
Заманауи талаптарға сай келетін спорт кешенінде жоғары деңгейдегі халықаралық
жарыстарды қабылдауға, сондай-ақ түрлі мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға
болады. Аренада бокс, күрес, спорттық гимнастика, ауыр атлетика және басқа да спорт
түрлеріне арналған залдар бар. Мемлекет басшысы «Қайсар» футбол клубының
ойыншыларымен әңгімелесті. Кездесу соңында Президент футбол добына қолтаңба
қойды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Табыс тілеймін. Жеке меншікк клуб болады. Академия ашылады. Сондықтан мен
бұл клубтың келешегі өте жарқын болады деп ойлаймын.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысының тарихи-өлкетану музейіне де соқты. Президент
өңірдің тарихи-мәдени мұрасымен танысып, археология, этнография, Қазақстанның
бұрынғы және қазіргі тыныс-тіршілігінен хабар беретін залдарды аралап көрді. Мұражайда
12 тақырыптық зал жабдықталған. Қазір мекеме қорында 70 мыңға жуық жәдігер бар.
Өңірге жұмыс сапарының соңында Президент Қызылорда қаласындағы Үстел теннисі
орталығын аралап көрді. Кешен заманауи үлгіде салынған. Орталықта теннис үстелдері
орналасқан ойын алаңы, көрерменге арналған орындар, жаттығу залы мен әкімшілік
бөлмелер бар. Бүгінде мұнда 280 бала спортпен шұғылданады.

