Қазақстанның құрылыс саласы цифрлық жүйеге көшіп жатыр. Бүгінде барлық 54
мемлекеттік қызмет онлайн режимде қолжетімді. Қазақстандықтар көбінесе бұл
қызметтерді электрондық сервистер арқылы пайдаланады – олардың үлесі өткен
жылдың қорытындысы бойынша 96%-ке жетті. Мекен-жайын белгілеу, жобалауға рұқсат
алу және эскиздік жобаларға келісім беру рәсімдеріне сұраныс жоғары. Сонымен
қатар, салаға AI-технологиялар енгізілуде. Мысалы, Астанада құрылыс мониторингі
бағытында компьютерлік көру жүйесін пайдаланатын пилоттық жоба іске қосылды.
Жүйе жерді мақсатсыз пайдалануды және қала құрылысы жоспарынан ауытқуды ерте
анықтауға мүмкіндік береді. Цифрлық трансформациялау картасы аясында 20 басты
қызмет сандық форматқа көшті. Премьер-министр Олжас Бектенов мұндай диджитал
шешімдер құрылыс саласының ашықтығын арттыруға және рәсімдер санын қысқартып
жеңілдетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Бірыңғай құрылыс порталы саладағы ашықтықты арттырып, әртүрлі жүйелерді
«бір терезе» қағидаты бойынша біріктіруге және артық бюрократия мен мерзімдерді
қысқартуға мүмкіндік береді. Өнеркәсіп және құрылыс, Жасанды интеллект
министрліктеріне биылғы шілде айының соңына дейін жобаларды сараптау бойынша
жасанды интеллект модульдерінің пилоттық режимдегі жұмысын қамтамасыз етуді
тапсырамын. Бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарларды Қала құрылысы
кадастрына көшіруді жалғастыру қажет.
Жалпы, Қазақстанда өткен жылдың қорытындысы бойынша құрылыстың оң қарқыны
сақталған. Былтыр елімізде 20 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға
берілді. Ал биыл республика бойынша 18 жарым млн шаршы метр баспана салу межеленген.

