Қасым-Жомарт Тоқаев пен Уильям Руто «Қазақстан-Кения» бизнес форумына қатысты. Мемлекет басшысы еліміздің мүмкіндіктеріне назар аударып, өзара экономикалық серіктестікті жандандыру бойынша бірқатар бастама көтерді. Президенттің айтуынша, Қазақстан – Орталық Азиядағы экономикасы ірі елдердің бірі. Бұны 6,5% өсім динамикасы айғақтайды. Бүгінде республика инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғайтын институционалдық база қалыптастырды. Жаңа Конституция осының кепіліне айналды. Мемлекет басшысы сауда мен инвестиция саласындағы диалогтың платформасына айналатын «Қазақстан – Кения» іскерлік кеңесін бекіту қажеттігін алға тартты. Бұл бизнестің барыс-келісі мен алыс-берісінің өркендеуіне ықпал етеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қазақстанның Кениядағы бизнес мәселелерін үйлестіру бойынша Құрметті консулын тағайындау елдеріміздің кәсіпкерлері арасындағы байланысты арттыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар көлік-логистика инфрақұрылымын жақсарту перспективасы мен тың мүмкіндіктерді пайдалану жөніндегі сарапшылар тобын құру ұсынылады. Осы шараларды іске асыру министрлер деңгейіндегі Сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссияны тездетіп құруға берік негіз болады деп сенемін.
Көлік-логистика саласы өзара тиімді ынтымақтастықты арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстан Еуразияның негізгі көлік хабы ретінде қалыптасты. Бүгінде Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің шамамен 85% еліміздің аумағынан өтеді. Өз кезегінде Қазақстан үшін Кения – 300 млн халқы бар Шығыс Африка нарығына кіруге мүмкіндік беретін басты логистикалық қақпа. Орта дәліздің Момбаса және Ламу порттарымен байланысы тауар айналымын айтарлықтай ұлғайтуға жол ашады. Ауыл шаруашылығы басымдыққа ие. Қазақстан астық экспортын, ал Кения - шай, кофе және гүл жеткізу көлемін арттыра алады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, тау-кен өнеркәсібі және геологиялық барлау екіжақты ықпалдастықтың маңызды бағыты саналады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Геология, барлау, өндіру және өңдеу бағытында өзара тиімді ынтымақтастық құруға айтарлықтай мүмкіндік бар екенін көріп отырмыз. Қазақстан осы саладағы білімі мен тәжірибесін бөлісуге дайын. «Самұрық-Қазына» мен NAMICO компаниясы арасында жасалған Кениядағы инвестициялық жобаны жүзеге асыру туралы келісімді құптаймыз.
Тараптар цифрландыру, АІ мен ғарыш технологияларындағы ынтымақтастық әлеуетін
арттыруға ниет танытты. Сондай-ақ Астана мен Найроби қаржы орталықтары
арасындағы әріптестікті нығайту туралы да уағдаласты. Уильям Руто Кения мен
Қазақстан ықпалдаса отырып, Африка және Орталық Азия арасында жаңа экономикалық
көпір орната алатынына сенімді екенін жеткізді.

