Астанада ядролық медицина бойынша халықаралық конференция өтіп жатыр

Қазақстан тераностика бағытын белсенді түрде дамытуға ниетті. Бұл қатерлі ісік пен өзге де онкологиялық ауруларды анықтау және емдеуді қамтитын  ядролық медицина саласының бір бөлігі. Бұл тақырып Астанада халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның өзегіне айналды. Еліміздегі Президент іс Басқармасының Медициналық орталығы ауруханасында Қазақстан, Грузия, Армения, Ресей, Өзбекстан және Әзербайжанның білікті сала мамандары бас қосты. 

Атап айтқанда онкологтар, кардиологтар, урологтар, радиохимиктер, аналитик-химиктер мен физиктер жиналды. Білікті сарапшылар екі күн бойы радиофармпрепараттарды өндіру технологиялары, тераностикада қолдануға арналған ядролық медицина әдістерін талқылайды. Сондай-ақ аутоиммундық, онкологиялық, кардиологиялық бағыттарда өзара шеберлік алмасып, тәжірибе бөліседі. 

Павел Румянцев, Санкт-Петербург қ. тераностиканы дамыту қауымдастығының президенті: 

- Мен пәнаралық ынтымақтастыққа қатысты өз тәжірибеммен бөліскім келеді. Өйткені бұл бағыт хирургтар, патологоанатомдар және молекулалық рентгенологтар сынды мамандардың күш-жігерін бірікту арқылы ғана жүзеге асырылады.  Ол үшін  бұл бағытта қолда бар білімді жетілдіріп, алға жылжуымыз керек. Сондықтан бір-бірімізбен шеберлік алмасумен қатар әлемдік көшбасшылардың тәжірибесін ендірген абзал болады. Жастарды оқыту қажет. Міне бұл біздің ортақ міндетіміз деп санаймын.  

Бұл ретте Қазақстанның  алдағы үш жылда жетекші шетелдік циклотрондық өндірістік кешендерде, зерттеу және ядролық медицина орталықтарында ондаған отандық маманды даярлау міндеті тұр.  Жақын арада халықаралық тәжірибе жинақтау үшін бірінші команда аттанады. 

Айгуль Сәдуақасова, ҚР ПІБ МОА ядролық медицина орталығының басшысы: 

- Биылғы жылы МАГАТЭ қолдауымен жоба бастау алды. Бұл Вена-Австрия атом энергиясының халықаралық агенттігі, иә, онда диагностикаға арналған жаңа радиофармацевтикалық препараттарды дамыту, енгізу бойынша жоба ұтып алынды, ол дәл біздің орталықта өндіріледі. 20 астам маман білім алуы тиіс, олар физиктер, химиктер, өндіріске арналған ядролық мамандар және диагностикадағы дәрігерлер - физиктер, химиктерден 15 астам мамандар. Біз еуропалық орталықтарды, атап айтқанда Швеция, Германия елдерін қарастырып отырмыз.