Тасқын суға байланысты 85 мыңнан астам қазақстандық қауіпсіз жерлерге көшірілді. Оның ішінде 30 мыңға жуық бала бар. Еліміздің ТЖМ хабарлауынша, апаттық-құтқару жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Оған 16 мың адам мен 2 жарым мың арнайы техника жұмылдырылған. 8 млн текше метр еріген қар суы тартылды. Сонымен қоса жағада құм және инертті материалдар төсеу жұмыстары жалғасуда.
Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тасқын судан зардап шеккендер жергілікті әкімдіктер тарапынан біржолғы төлем алады. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке мемлекеттік материалдық резервті пайдаланып, тұрғындарға көмектесуді тапсырғанын айта кеткен жөн. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің хабарлауынша, табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындарға жаңа үй салу бойынша кешенді жоспар құрылды.
Меруерт Ибраева, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми өкілі:
– Жоспар аясында тұрғын үйлердің екі эскиздік жобасы әзірленді. Біреуі – 80 шаршы метрлік 3 бөлмелі тұрғын үй, екіншісі – жалпы ауданы 160 шаршы метр болатын 2 пәтерлі тұрғын үй. Әзірленген тұрғын үйлердің алдын ала жобалары мемлекеттік сараптамадан өтеді. Бұл барлық өңірлерде типтік-жобалық құжаттама негізінде жұмыс жүргізуді қамтамасыз етеді. Жұмыстар келесі аптаның соңына дейін аяқталып, үлгілік жобалар мемлекеттік сараптама қорытындысымен қоса epsd.kz сайтында көпшілікке ұсынылатын болады.