Қазақстан үшін
су стратегиялық ресурс. Ол орнықты даму, экологиялық қауіпсіздік және өңірдегі
тұрақтылықпен тікелей байланысты. Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ
Бас хатшысының Су ресурстары жөніндегі арнаулы өкілі Ретно Марсудимен кездесуде
атап өтті. Мемлекет басшысы саладағы халықаралық ынтымақтастықтың анағұрлым
тиімді архитектурасын қалыптастырудың маңызы ерекше екеніне назар аударды. Осы
орайда Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөнінде
көтерген бастамасы елдер арасындағы үйлестіру тетігін кеңейтетінін алға тартты.
Алдағы күндері Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммитте аталған құрылымды
қалыптастыру параметрлері мен перспективасын егжей-тегжейлі талқылау
жоспарланып отыр. Сонымен қатар биыл желтоқсан айында Абу-Дабиде өтетін Су
ресурстары жөніндегі БҰҰ конференциясы саладағы түйткілдерді шешудің өзара
келісілген тәсілдерін әзірлейтін алаң рөлін атқаратыны айтылды. Тараптар Орталық
Азия өңірінде су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі жөнінде де пікір алмасты.

