Астанада қазақ сот төрелігі мектебінің тарихы
туралы кітаптың таныстырылымы өтті. Авторы - көп жылдық тәжірибесі бар заңгер,
Жоғарғы Соттың отставкадағы судьясы Өмірсерік Қожабаев. Оның зерттеушілік
еңбегі Майқыдан бастап, Абайға дейінгі әділ халық сотының бастауын баяндайды.
Басылым үш тілде - қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде жарық көрді және билер
институтын тарихи құбылыс ретінде ғана емес, сонымен қатар халық демократиясы
мен дала әділдігінің тірі дәстүрі ретінде түсінуге талпыныс болды. Өмірсерік
Қожабаев өзінің кітабында көшпелі қоғам заманында адалдық пен әділеттілікке
негізделген дауларды шешудің жүйесі қалай жұмыс істегенін егжей-тегжейлі ашып
көрсетеді. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Әнет би сияқты көрнекті тұлғалардың
рөліне, сондай-ақ Абайдың рухани мұрасына ерекше назар аударылды.
Өмірсерік Қожабаев, кітап авторы:
- Абайды барлығы ұлы ақын, философ, ойшыл ретінде біледі, ал оның әлідет
саласында шешім шығарып, би болғанын бірі білсе бірі білмейді. Қазақ сот
төрелігі мектебі әділдік қағидаттарына сүйенеді. Кезінде қазақ ұлтында ешқашан
прокурорлар болған емес. Полиция қызметкерлері де, сот та болмады, туындаған
мәселелердің барлығы да билер тарапынан шешім тапқан, сондықтан, билердің
мұрасы прокурорларға да, полиция қызметкерлеріне де, судьяларға да пайдалы
болады деп ойлаймын.

