Елордада отандық және шетелдік инвесторлардың бірнеше ірі жобалар жүзеге асырылуда. Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, денсаулық сақтау саласында катарлық инвестициялық холдинг америкалық компаниямен бірлесіп медициналық хаб құруға ниетті. Жоба 2 кезеңде жүзеге асырылады. Біріншісі – 88 млрд теңгенің жеке инвестиция сомасына 50 төсек-орынға арналған медициналық орталық салу. Екінші кезең – шамамен ұлттық валютада 160 млрд-қа медициналық хаб құруды көздейді. Бұдан басқа Қазақстан астанасында «Sabis» және «International Community Schools Ltd» халықаралық мектептерінің құрылысы басталмақ. Біріншісі 2800 оқушы мен мектепке дейінгі 530 орынға есептелген. Жоспар бойынша мектептің құрылысы осы жылдың сәуір айында басталады. Екінші халықаралық мектеп 1225 оқушы мен 100 мектепке дейінгі орынға шақталған. Жоба 9 млрд теңге жеке инвестиция сомасына есептелген. Сонымен қатар түрік компаниясы бидай өңдеу зауытының құрылысына 200 млн доллар инвестиция салуға ниет білдіріп отыр. Ал, Ресейдің ірі маркеплейстері логистикалық орталықтардың құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Индустриалды парк аумағында құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын зауытты австриялық компания қолға алмақ. Инвестиция көлемі 25 миллиард теңгеден асады. Жоспарланған өндіріс көлемі жылына 100 мың тонна қоспаны құрайды.