Қазақстанда түсті металдар өндірісі бойынша интеграцияланған өнеркәсіптік
парк құрылады. Ел Премьер-министрі Олжас Бектенов алюминий өнеркәсібі
саласындағы қытайлық корпорацияның директорлар кеңесінің төрағасы Лю Юнсинмен жобаны
жүзеге асыру барысын талқылады. Бастама алюминийден «жасыл» өнім шығару бойынша
толық өндірістік циклды қалыптастыруға бағытталған. Ол шикізат өндіруді,
алюминий негізіндегі өнімді қайта өңдеуді және қосылған құны жоғары
материалдарды терең өңдеуді қамтиды. Бірінші кезеңде глиноземді қайта өңдейтін тау-кен
байыту комбинатын және алюминий өндіретін электролиз зауытын салу көзделген. Мұнда
жаңартылатын энергия көздерінің көмегімен электр энергиясын өндіру
қарастырылған. Жоба ең заманауи экологиялық таза технологияларды енгізумен үш
кезеңде жүзеге асырылатын болады. Кездесуде жауапты министрліктерге жобаны іске
асыру үшін қажетті қолдау көрсету тапсырылды. Қытайлық компания жергілікті
кадрларды оқытуды және қазақстандық мамандардың үлесін кезең-кезеңімен ұлғайту
сынды белгілі бір міндеттемелерді өзіне алатыны атап өтілді.

