Астанада IFLA Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық Конгресі өтеді

Астанада IFLA Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық Конгресі өтеді

Астана іскерлік немесе MICE-туризм орталығы ретінде өзін тағы да танытады. Елордада 2025 жылдың тамызында IFLA Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық Конгресі өтеді. Ауқымды халықаралық іс-шара әлемнің 130 елінен 4 мың делегатты қабылдайды деп күтілуде. Бір апта бойы жаһанның түкпір-түкпірінен келген ғалымдар, саясаткерлер, кітапхана ісінің мамандары саладағы үрдістер мен жаңа технологияларды талқылап, заманауи оқу залдарын басқарудың тиімді стандарттарын әзірлейді. Сондай-ақ, мамандар пайдаланушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған жаңа тәсілдерді ұсынады.

 

Анна Пласманн K.I.T GROUP компаниясы жобаларының жетекшісі, Германия, Берлин:


- Қазақстаннан мықты өтінім келіп түсті. Оған Қазақ туризм мен Visit Astana бірлесіп қолдау көрсетті. Іс-шарада негізінен кітапхана ісі, осы саладағы технологияларды дамыту сияқты өзекті мәселелер талқыланады. Кездесулер түрлі елдерден келген қатысушылар арасында өткізіліп, олар бұл бағыттағы тәжірибе, жетістіктерімен алмасады.


Өткен жылы Ұлттық құрылтай жиынында Мемлекет басшысы кітапханалық салаға ерекше назар аудару қажеттігін айтты. Оның сөзінше, елде оқу мәдениетін дамыту маңызды. Мұндай іс-шаралар тек осы бағытқа серпін беріп қана қоймай, елге қосымша инвестициялар тартуға да ықпал етеді. Алдын ала есептеулер бойынша, Астана бұл іс-шарадан шамамен 2 миллион евро табыс көреді.


Ғалымжан Сейілов, «KAZAKH TOURISM» ҰК АҚ MICE-туризмді дамыту қызметінің бас менеджері:


- Мұндай конгрессті өткізу, ең алдымен, маңызды. Себебі барлық делегаттар өз шығындарын өздері төлейді. Яғни бұл – әуе билеттері, тұру, тамақтану және басқа да шығындар. Сонымен қатар бұл инвестициялар, шетел валютасының ағыны және туризмнің дамуына ықпал етеді. Халықаралық қауымдастық мәліметтері бойынша, барлық қатысушылардың 40-45% елімізде қалып, Қазақстанмен қатар Орталық Азияға саяхаттайды деп күтілуде.


Конгресс аясында елордада арнайы сауда көрмесі ұйымдастырылады. Онда заманауи кітапханалар үшін инновациялық технологиялар мен озық цифрлық әзірлемелер ұсынылады.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?