Астанада ерекше фотосуреттер көрмесі өтті

Астанада ерекше фотосуреттер көрмесі өтті

Астанада «Объектив арқылы көзқарас» фототехника көрмесі ашылды. Онда платиналық, проекциялық және цифрлық техникалар таныстырылды. Президент орталығы мен Солтүстік-Қазақстан облыстық музей бірлестігі ұйымдастырған бұл көрмеге 53 бірегей экспонат қойылды. Әр камера жанында оның қашан шыққаны мен өзге де толыққанды дерек жазылған. Олардың сыртқы пішіні ғана емес, сериясы мен техникалық сипаттамалары да әр түрлі.

Мәселен, алғашқы фотоаппараттар ағаштан жасалғандықтан ауыр әрі үлкен болған. Көрмеде одан бөлек, таспа, лампалар, жарық қондырғылары, еліміздегі фотоиндустрияның қалыптасуы жөніндегі мұрағаттан алынған құжаттарды көруге болады.

Айта кетсек, музейлерге экспонаттардың бір бөлігін қазақстандықтар сыйға тартқан. Кейбіреулері ғылыми-іздеу жұмыстары кезінде табылған. Ал көрме Қазақстандағы ғылыми қызметкерлер күніне орайластырылып өткенін айта кеткен жөн. 

Ботагөз Қаипова, ҚР Президент орталығы директорының орынбасары:

– Қазақстанда ХХ ғасырдың басында, Бөкей ордасының 100 жылдығына орай алғашқы сурет түсірілген. ІІ Николай патша Бөкей ордасынан қазақ делегациясын шақыртқан кезде біздің сұлтандарға фотоаппарат сыйға тартылды. Сонымен қатар, делегацияға фотоаппараттың барлық керек-жарақтары да беріліп, қалай сурет түсіру керектігін де үйретіп, нұсқау берген. Осылайша, алғаш фотоаппарат Бөкей ордасына әкелініп, алғаш суреттер жасалды.

Мейірбек Тажқұранов, фотограф:

– Фотосурет дегеніміз – үлкен ғылым. Онымен бірге тек фотосуреттер ғана емес, бірнеше өзге жанр түрлері де қарқынды дами бастады. Кейбіреулерін атап өтуге де болады: кинематография, полиграфия, баспа ісі, журналистика – бұл аз ғана бөлігі. Бұрындары адамдар таспаға түсіріп, суреттерді белгілі бір химиялық бұйымдар арқылы шығарып, зерттеп отыратын. Белгілі бір кадрды көріп, оны түсіру мүмкіндігі өте аз болатын. Себебі, адам не түсіріп жатқанын көрмейтін.