Қытайда АХҚО соты мен ХТО кеңсесі ашылды

Қытай астанасы Бейжіңде «Астана» халықаралық қаржы орталығы сотының және Халықаралық төрелік орталығының әлемдік деңгейдегі жаңа кеңсесі  ашылды. Енді қытайлық инвесторлар дау туындаған жағдайда мәселені өз елінде шеше алады. Өз кезегінде бұл бизнес өкілдерінің сенімін арттырып, елімізде тиімді инвестициялық ахуал қалыптастыруға ықпал етпек.

Айта кетейік, АХҚО соты мен ХТО-ның Қазақстаннан бөлек Еуразияның сегіз елі – Әзербайжан, Армения, Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстанда осындай кеңселері бар. Бұл орталықтарда соңғы 6 жылда 2600-ден аса іс қаралып, нәтижесінде кәсіпкерлерге қатысты даулар 100% оң шешімін тапты. Соның ішінде қытайлық инвесторларға қатысты 20 іс қаралған. 

Кристофер Кэмпбелл-Холт, Астана Халықаралық қаржы орталығы сотының аппарат басшысы:

– Алдағы уақытта өзге елдерде де кеңсе ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл Қазақстанда бизнес белсенді түрде дамып келе жатқандығын білдіреді. «Астана» халықаралық қаржы орталығына аспан асты елі инвесторлары тарапынан көптеген ірі қаржы салымдары келіп түседі. Осы мақсатта оларда туындаған дауларды шешу үшін алаң қажет. Көбінесе осындай отырыстар онлайн режимінде өтіп жатады.