Астанада жасанды интеллектті дамытудың мүмкіндіктері талқыланды. Елордада өткен «Technowomen Central Asia» халықаралық форумында сарапшылар ақылды жүйелерді кәдеге жарату бойынша пікір алмасты. Пайымдарынша, нейрондық желілерді ендіру болашақта көптеген мамандықтардың түбегейлі өзгеруіне және еңбек нарығындағы бәсекелестіктің артуына ықпал етеді. Сондықтан Орталық Азия өңірінің жастары бұған қазірден дайын болуы керек. Мамандар цифрлық дағдылары жоғары мамандарға деген қажеттіліктің екі есеге дейін артуының күні алыс емес деп санайды. Сұранысқа ие тапшы кәсіптер көшіне ілесу үшін IT саласындағы біліктілікті арттыруға көңіл бөлуге кеңес береді. Бұл мақсатта Орталық Азияда жасанды интеллектті енгізу бойынша бірыңғай хаб құру ұсынылып отыр.
Умида Зиямова, Өзбекстанның ФинТех қауымдастығы сараптамалық кеңесінің мүшесі:
-Менің ойымша, осы бағытта IT хаб, яғни жасанды интеллект негізіндегі технологияларды біріктіретін ұйым құрудың маңызы зор. Заманауи жүйелерді ендіру үшін терең ынтымақтастық орнату қажет. Мәселен, жоғары оқу орындары арасында, жалпы осы саладағы стартаптар бойынша өзара тәжірибе алмасу үшін оңтайлы жағдайлар жасау керек. Бұл озық технологиялардың негізінде терең білім жатқанын жақсы білеміз. Осы бағытта халықтың сауаттылығын ашудың мәні ерекше. Яғни, жасанды интеллектің қыр-сырын үйрететін оқу курстарын ашу керек.
Азиза Шөжеева, «Technowomen» КЕҰ басқарма төрағасы:
-Физикалық еңбекті қажет ететін мамандықтар бар. Мысалы, ағаш ұстасы сынды көптеген кәсіптер
тек адамның тікелей қатысуымен жасалады. Олардың қызметіне заманауи
технологиялар мен жаңа құралдар айтарлықтай өзгеріс алып келмейтіні анық. Бұған
қоса жоғары зияткерлік дағдыларды қажет ететін ғалымдар, яғни зерттеушілік
мамандықтардың жойылуына әсер етуі екіталай. Алайда түрлі операторлар мен
бақылаушылар, дикторлар сынды мамандықтарға түбегейлі өзгерістер әкелуі мүмкін.