Астанада БҰҰ-ның діни нысандарды қорғау жөніндегі арнайы сессиясы өтті

Астанада БҰҰ-ның діни нысандарды қорғау жөніндегі арнайы сессиясы өтті

Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі аясында алғаш рет БҰҰ-ның қолдауымен діни нысандарды қорғау жөніндегі арнайы сессиясы өтті. Ел Сенатының Спикері, Съезд Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев бұл Португалиядағы БҰҰ-ның Өркениеттер альянсының 10-шы жаһандық форумында талқыланған бастамалардың лайықты жалғасы екенін тілге тиек етті. Қатысушылар әлем бойынша ғибадат нысандарына төнген қауіп-қатердің артып келетініне алаңдаушылық білдіруде. Олар қасиетті орындарды қорғау әлемдік қоғамдастықтың ортақ жауапкершілігіне айналуы тиіс және ол үшін халықаралық деңгейдегі іс-қимылдарды үйлестіру қажет дегенді алға тартып отыр. Делегаттар бұндай күрмеулі мәселелердің түйінін тарқату қамындағы рухани дипломатия туралы Қазақстанда айтылып жатқаны орынды деп санайды. Себебі Батыс пен Шығыстың қиылысында орналасқан Қазақстан ежелден түрлі халықтарды, мәдениеттер мен діндерді тоғыстырған құтты мекен. Елдің мемлекеттік саясатында толеранттылық, мәдениетаралық диалог және рухани мұраны құрметтеуге басымдық беріліп келеді.

Яхья Серджио Яхе Паллавичини, Итальяның ислам діни қоғамдастығының президенті:

- Мен бұл өте маңызды сессия деп есептеймін. Біз Қазақстанға БҰҰ Өркениеттер альянсы аясында діни нысандар мен қасиетті жерлерді қорғауға арналған осындай маңызды іс-шараны өткізгені үшін алғыс айтамыз. Бүгінгі сын-қатерлерден адамдарды ғана емес, қасиетті жерлерді де қорғау өте маңызды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы:

- Осы қасиетті орындардың бәрі халқымыздың тарихының бір бөлігі, баға жетпес рухани және мәдени мұрасы болып қала береді. Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясының 2023-ші жылғы конфессияаралық диалог пен араздық тіліне қарсы іс-қимыл туралы қарарын, сондай-ақ Ұйымның діни нысандарды қорғау жөніндегі жоспарын қолдайды. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?