Қазақстанға Үндістанда табылған Әбілқайыр хан туралы кітаптың көшірмесі жетті. 500 бетке жуық үш бөлімнен тұратын тарихи еңбекте парсы тілінде көне заманнан бастап Шайбанид билеушілеріне дейінгі құнды деректер қамтылған. Яғни Әбілқайыр хан қайтыс болғанға дейінгі олардың әулеттерінің билік құрған кездері жазылған. Тарихта аттас қос ханды шатастырып алмайық. Бұл XVІІI ғасырда кіші жүзден шыққан Әбілқайыр хан емес. Қазақ хандығы құрылмас бұрын, яғни XV ғасырда қазіргі Қазақстан аумағында өз мемлекетін құрған билеуші жайындағы қолжазба.
Алмат Әбсалықо, Қолжазбалар және сирек кітаптар орталығының бас сарапшысы:
- Сол кезде найман, жалайыр сынды болған барлық тайпалар сол мемлекетте өмір сүрген. Ол жалпы біздің көне тайпалар, олардың тарихы, жалпы Қазақстан тарихына өте маңызды дерек ретінде құнды. Шамамен 1541-1555 жылы жазылған. Кітаптің авторы Масуд ибн Усман Кухистани Абд әл Латиф хан бұйрығымен осы кітапты жазған. Абд әл Латиф хан Шайбанит мемлекетінің ханы.
Ұлттық архив қоры Үндістаннан табылған енді бір құнды олжа - «History of Mongols» кітабының көшірмесімен де толыға түсті. XIX ғасырда ағылшын тілінде жазылған еңбекте қазақ билеушілері - Жәнібек пен Керей, Қасым және Хақназар хандардың шежіресі басылған. Бұған қоса Үнді мұрағат қорларынан Көшім хан және Шайбанидтер ханы - Абд әл Латифтің жеке дәрігерлерінің емшілік дәстүріне қатысты трактаттар шықты.
Жандос Болдықов, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры:
- Ол жерде негізгі бағыттар көзді емдеудің тәсілдері,
қандай табиғи заттарды қолдануға болады? Ол үшін түйенің жүндері, шөптердің дәрілері бар дегендей көптеген құнды материалдар бар. Бәріміз айтамыз ғой Шығыс медицинасы, Қытай медицинасы, басқада Алтай медицинасы бар деп. Өзімізде де дамыған болатын сол кездері-ақ. Біз осы кітаптарды аудару арқылы соған көз жеткіземіз.
Төл
шежіремізді түгендейтін құнды деректер тарихи отанына «Архив-2025» бағдарламасы аясында жеткенін айта кеткен жөн. Ұлттық жоба іске асқалы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының сарапшылары тек былтыр ғана әлемнің 10 елінің мұрағат қорларын зерттеген. Кешенді саралау барысында Түркия, Үндістан, Иран, Мысыр, Венгрия, Ресейден ел тарихына қатысты 3 мыңға жуық құжат табылды. Ендігі мақсат - көне карта, қолжазба, кітап, фото деректерді зерттеп,
аударып, цифрландырып ғылыми айналымға енгізу.