Астанада «Диво Мира» Халықаралық туристік фестивалінің финалы өтіп жатыр

Астанада «Диво Мира» Халықаралық туристік кинофестивалінің финалы өтіп жатыр. Ол туристік әлеуетті арттырып, креативті индустрияны дамытуға бағытталады. Шараға Қазақстан, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Беларусь, Иран мен Қырғызстаннан 100 астам мобилограф қатысты. Қатысушылар өз туған жерінің әсем табиғаты мен ландшафтын көрсетуі тиіс. Арнайы құрылған қазылар алқасы роликтерді, қысқа және толықметражды фильмдерге баға береді. Қазылар құрамына туристік индустрия, маркетинг, масс-медиа мен видеоблогинг саласының мамандары кіреді. Бұл конкурсқа қолдау көрсетушілердің бірі Астананы дамыту орталығы өкілдерінің айтуынша, елордада туризм саласы  белсенді дамып жатыр. Былтырдың өзінде, бас қалаға 1 млн 320 мың қонақ келген. Оның ширек бөлігін құраған – шетелдік туристер.

Сергей Кривцов, «Диво Мира» Халықаралық туристік кинофестивалінің ұйымдастырушысы:

– Диво Мира фестивалі бізде екінші рет өткізілуде. Биыл Қазақстанда бірінші кезең ұйымдастырылды. Туристік видео оңай нәрсе емес. Белгілі бір туристік нысанға, қалаға немесе елге адамдарды келуге шақыратын видео жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл жұмыстың өзіндік ерекшеліктері өте көп. 

Жазира Жанкина, Халықаралық туристік кинофестивалінің ұйымдастырушысы:

– Бұл кинофестиваль аса маңызды. Себебі, біз Қазақстанның әсем жерлерін, отандық туризмді насихаттаймыз. Осындай көзқарас арқылы Қазақстанның бірегейлігін паш еткіміз келеді. Барлығы 8 номинация бар және олардың әрқайсы жекелеген бөлімнен тұрады. Атап айтсам, өнеркәсіптік, мәдени мұра, киелі жерлерге туризм, гастротур мен ақпараттық орталықтар. Алматы, мәселен, ұлттық парктерімен мақтанады. Қарағанды болса, киелі жерлерін көрсетуде.